Саясат
Ащы да болсын шындық! Ел болып, етегімізді түре алар дәуірге жетсек те, халықтың жемтігін жеп жүрген жемқорлар әлі бар. Ел еріне абыройлы іс тапсырғанмен, түбі аузымызды айға қаратып кетпесін!.. Айтылар ақиқатқа бірден көшкен жөн болар!
• «Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған жанашыр халық». Тфәй-тфәй! Не деген тәтті өтірік еді! Бәлкім, бұрынғының шындығы болса да, қазір езуіңе еріксіз күлкі ұялатады. Қала базарында қаңғып, қайыр сұраған жетімектің жанарын сіз де талай көрген шығарсыз! Біздің «Жомарт Мемлекет» солардың мәселесін неге ысырып қоюда? Сарабдал саясат ұстанған ел едік қой…
• «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды». Бұрын, жиі айтушы едік. Қазір айтсаң ұяласың! Екі басшысы бір билікке сыйып отырғанда, екі қошқары қайтіп сыймасын?!
• «Тұлпардан тұғыр озбас жарысқанда!» Қазір, тұлпардан тұғыры түгіл, есек те озған дәуір емес пе? Жарысы мен шабысын аңғарып жатқан кім бар? Кім қалтасын көбірек толтырса, соның дәуірі болып тұр.
• «Қос тіл жыланда ғана болады»(Ш. Мұртаза) Демек, адам да жылан болғаны ғой. Тіл білсе өзіне жақсы, білмесе де бізге зиян емес. Бірақ, биліктің басында орыс тілін шұбарлаған жыландар халықтың қанын сорып жатырғаны жасырын емес. Екі ауыз сөзінің басын қоса алмағандар, үш жүзді қалай біріктірсін?!
Саясат — дегенің үлкен қазан ғой. Ішінде ірісі де, шірігі де бар. У да, су да сонан табылады. Халық дегенің-қайнаған от қой. Шеңгел салса, жанып кетуге дайын. Су құйса, тайып кетуге дайын. Қазанды қайнататын-от. Халықты қамсыз уәдемен алдарқатып жүргенде сол от бір күні бүкіл қазақты шарпып өтпесін!..
Фото: М. Дильманов. «Қазақстандық Титаник»