Bugin
Айтыскер ақын Ринат Заитов Алматы қаласындағы "Алатау" дәстүрлі өнер театырының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды. Ақпаратты театрдың баспасөз орталығы растады.
Театр қызметкерінің айтуына қарағанда, Заитов директор болып бүгін - 08 ақпан күні тағайындалған. Бұл ұйым Алматы әкімдігіне бағынады.
37 жастағы Ринат Заитов халыққа айтыскерлігімен қоса қоғам белсендісі ретінде де танымал. Ол айтыстарда билікті жиі сынайтын. Соның арқасында халықтың қошеметіне бөленді.
Ақын 2019 жылы елдегі президент сайлауы қарсаңында президенттікке "Ұлт тағдыры" қозғалысының атынан түскен Әміржан Қосановты қолдаушылардың бірі болды. Сайлаудың ертеңінде саяси процестің әділетсіз өткенін айтты. Бүгін өзі директор болып тағайындалып отырған өнер театрының алдындағы алаңға шығып, саяси партия құратынын мәлімдеген еді. Алайда алаңда оны полиция ұстап алып кетті. Осы оқиға елде үлкен резонанс туғызды. Заитовтың жақтастары оның босатылуын талап етіп, наразылық шарасын ұйымдастырды. Халық талабынан кейін Заитов босап шықты. Алайда ол өзі айтқан "партия құрамын" уәдесін орындаған жоқ. Қоғамда оны осы әрекеті үшін "биліктің қуыршағы" деп сынға алады.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры 2016 жылдың 18 тамызында Алматы қаласының 1000 жылдығына, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған. Театр дәстүрлі ән-жыр, терме, күй, айтыс, ұлттық кино сияқты бес бағытта қызмет көрсетеді. Онда республикалық жыршы-термешілер байқауы, халықаралық фестивальдер сияқты түрлі концерттік шаралар өткізіліп тұрады.