МӘДЕНИЕТ
Көгілдір экранды ашып қала берсеңіз, әзіл-сықаққа толы бағдарламалар толып жатыр. Әсіресе, қазіргі жастардың сұранысына ие жайдарманды айтса болады. Оның әзілдерін қайталап, сүйсіне көріп жүрген жастар қандай үлгі алып жүр?
Әзіл-қалжыңға толы бағдарлама кез келген адамға ұнайтын шығар. Езу тартып, күлгенге не жетсін. Алайда біз күліп жүрген әзілдер қаншалықты өтімді әрі мағыналы. Жастардың құлшыныспен көретін "Жайдарман" секілді көңіл-ашар бағдарламалары да уақыт өткен сайын өзгеруде.
Бұрынғы әзілдер мен қазіргі жайдарманның әзілдері екі түрлі. Яғни, сапа жағынан құбылып бара жатқандай. Мәселен, екі сөзінің біреуі орысша. Бұл бүгінгі жастардың тілі болғанымен, неге таза қазақша сайрамасқа? Бірақ мұндай айыпты барлық топтарға тағуға болмайды. Иә, ана тілімізді нақышқа келтіріп , жақсы әзіддер ұсынып жүргендер бар. Келесі мәселе, кей топтарды қарасаң, қазылар алқасының мүшелеріне ыңғайсыз қылықтар жасап жатады. Оларда күлуден басқа шарасы болмай, жымиып, қоя салады. Сонымен қатар, жеңіл әзілдер де белең алған. Сахна болғаннан кейін әрі қалың көрермен тамашалап отырғандықтан ондай жеңіл-желпі әзілдерді ұсынбаған жөн деп ойлаймын.
Бағдарламаны жалғыз жастар қауымы ғана емес, үлкен -кішісінің барлығы тамашалайды. Жиналыстарда, той-жиындарда көрген әзілдерін ортаға салып, талдайды. Сынайтындар да, қостайтындар да бар. Сондықтан әр әзілге мән беріп жүрген абзал. Көремен назарына ерекше стильдерімен есте қалған командалар жетерлік.
Соның бірі - "Назар аудар" командасы. 2013-2014 жылдары чемпион атанып, аз уақыттың ішінде танымал болды. Ерекшелігі - киімдерінде. Түрлі түсті классикалық үлгіде киім киюі жұрт назарын бірден аударады. Ақболат, Азамат секілді топ мүшелері өз имидждерін қалыптастырып үлгерген. Мәселен, Ақболат есімді мүшесі әйел адамның рөлін тартымды деңгейде сомдап, образын аша білді. Қазіргі уақытта топ адамдарының барлығы да киноларға, бейнебаяндарға түсіп жатыр. Тіпті, өздері жеке концерт ұсынып, халық қалауысы бола білді. Көрермен жадында жақсы сақталған топтардың бірі - "Арал құрамасы". Ғалым бастаған топ өтімді әзілдерін ұсыну арқылы көп жастардың сүйіктісіне айнала білді. Оларда қазір түрлі кино туындыларға түсіп, әлеуметтік желілерде де әзілдерін ұсынуда. Жайдарманның бізге берері аз деп кесіп айтуға болмайды. Әрине, ақсап тұрған мәселелері жетерлік. Бірақ ұтымды жақтарын да қарауға болады. Жастардың өнер жолында өз орнын табуға септігін тигізіп жүр.
Қазір кез келген танымал әзіл әлемінің танымал тұлғасы "Жайдарман" секілді бағдарламалар арқылы танылды. Мұндай бағдарламаларда халықтың тұрмыс тіршілігі, қызықты сәттері көрініс табады. Қоғамда талқыланып жатқан ауыр мәселелерді де күліп отырып, іштей қынжыласың. Жайдарманда жігіттер ғана емес қыздар қауымы да бой көрсетіп жүр. Ибалы, инабатты қазақ қызының имиджін көрсетіп, өздеріне сай әзілдерін ұсынуда. Балалар топтары да ересек құрама топтардан қалыспай, финалдарға шығып, көзге көрінуде. Қорытындылай келе, әзіл -сықақ арқылы мәселелер көтеріп қана қоймай, өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелейміз. Дұрыс бағыт-бағдар ұсынатын әзілдер топтамасы көп болса, жайдарманда тәрбие құралы болар еді.