Bugin
Қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қиын емес
ҚР Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева білім министрі Асхат Аймағамбетовке сауал жолдады. Депутат сауалда орыс мектебінде мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелерін айтып, одан шығудың жолын ұсынды. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынов айтқандай, сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Қазақ тілі жоғалудың аз-ақ алдында қалғанын бәріміз білеміз. Алматыда жалғыз-ақ қазақ мектебі болған. Атаның тілін немересі түсінбейтін шақ та өтті басымыздан. Қуанышқа орай, ел тәуелсіздігін алып, тілін жаңғыртты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында қазақ тілінің рөлі мен маңызын атап өтіп, Қазақстандағы ұлттардың ортақ тіліне айналдыруды ұсынды. Бұған жету үшін бар күшімізді салуымыз қажет", - деді депутат мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, басқа ұлттың балаларына қазақ тілін бесіктен бастап сіңіру қажет.
"Ал бесік дегеніміз не? Ол – мектеп. Ал мектептегі мемлекеттік тілді оқыту жағдайы қалай? Сын көтермейді. Байқастап қарасақ, ештеңе мәз емес. Орыс мектебі қазақ тілін 1958 жылдан бері оқып келеді. Бірақ әлі күнге дейін орыс мектебін бітіріп шыққан түлектердің қазақшасы нашар. Жыл сайын түрлі оқулық, әдістемелер шығарылуда. Мол қаржы бөлінуде. Бірақ нәтиже жоқ. Оқулық сапасы сын көтермейді. Ауызекі сөйлей білмейтін балаға күрделі грамматикалық тапсырмалар береді", - дейді ол.
Депутат бұл мәселені шешу үшін келесідей ұсыныс тастайды.
"Біріншіден, мектеп баласы қазақша үйренсін десек, алдымен ауызша сөйлеп, соған дағдыландыру қажет. Яғни, ауызша сөйлеуге мән берген абзал. Екіншіден, сөйлеу, жазу, оқу тапсырмалары тақырыпқа сай болуы керек. Бәрін оңай жеткізген жөн. Қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қиын емес, негізі. Ештеңені қиындатып қажет емес. Бәрін қазірден бастап кетсек, нәтиже жақсы болады. Ең алдымен, мектепке мән берейік, құрметті Асхат Қанатұлы! Орыс тілді мектепте қазақ тілін оқытуға көбірек мән беру керек деп ойлаймыз", - деп түйіндеді сөзін Деметьева.
Айта кеткен жөн, депутат Наталья Дементьева – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі.
2002 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген.