Bugin
Ғылымның, жалпы өркениеттің дамуына теңдессіз үлес қосқан кісілер кейде қарапайым нәрсеге миы жетпей, күлкіге қалып жатады. Бүгін мүйізі қарағайдай екі ғалымның басынан өткен күлкілі жағдайды айтып бергім келіп отыр
Швецияда жүрген атақты даниялық физик Нильс Бор ағасын қарсы алуға достарымен темір жол вокзалына барыпты. Сол жерде Нильс Бор барлығына перронға шығатын билет алуға кетіпті.
— Швециядағы вокзалдар Даниядағыдан гөрі жақсы істейді екен, – депті билет алып келген Нильс Бор достарына. — Біздегі билет автоматтары электр қуатымен істейді, ал мұндағы билет автоматтарында тиын салмастан бұрын кішкентай алаңқайдың үстіне тұруды өтінетін жазу бар екен. Осылайша, бұндағы автоматтар қымбат электр қуатының орнына адамның салмағын қолданады екен. Керемет!
Алайда, пойыз тоқтаған кезде ағасын қарсы алуға перронға бара жатқандарды бақылаушы өткізбей қойыпты.
— Бұл перрон билеттері емес, – депті бақылаушы билеттерді көрсетіп өрекпіген Нильс Борға, – Бұл — таразы-автоматтың түбіртектері! Оған салмағыңызды бес-алты рет өлшегеніңізді көріп, өзім де таң қалған едім...
***
Кибернетиканың атасы Норберт Винер ұмытшақтығымен де аты шыққан кісі.
Бір күні Норберт Винер (НВ) мырза жаңа үйге көшіпті. Көшіп барғанның ертесінде, ол кісінің ұмытшақтығын жақсы білетін жұбайы НВ әмианына жаңа үйлерінің мекенжайын қағазға жазып салып қойыпты. Бұлай етпесе, кешке жұмыстан қайтқан күйеуінің адасып кететіні анық еді.
Сонымен, талай жылдан бері жұмысына алғаш рет басқа жақтан барған НВ басына бір идея келген кезде әмианындағы қағазды алып, оның таза екінші бетіне формулаларын жазып, идеясы дұрыс емес екеніне көзі жеткен соң қағазды лақтыра салған. Жұмыстан соң күндегі әдетімен бұрынғы үйіне барған. Үйі бос тұр. Бұл үйден көшіп кеткенін есіне түсірді, бірақ қайда көшкенін білмейді. Осылай дел-сал күйі тұрып қалыпты. Сосын бірнеше аттам жерде оған қарап тұрған қызға жақындапты да:
— Кешіріңіз, мені танитын шығарсыз, мен профессор Норберт Винермін. Біз жуырда ғана мына үйден көшіп кетіп едік, сіз біздің қайда көшкенімізді белмейсіз бе? – депті.
— Папа, – депті қыз, – сіз бәрін ұмытып қалады деген мамам дұрыс айтыпты.