Қоғам
Бұл институт әрбір адамның тұлға ретінде дамуына көмектеседі
Елімізде адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты ашылады. Бұл – Сара Назарбаеваның кезекті бастамасы. Ертең тұсауы кесілетін институтта еліміздегі бүкіл жастың тұлға ретінде қалыптасуына қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Bugin.kz платформасы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы 11 ақпанда Сара Алпысқызының қоғамдық бастамаларын талқылауға арналған онлайн-конференцияда белгілі болды. Шараға қатысушылар әр жобаға тоқталып, жетістіктерімен бөлісті.
“Үміт үйлері тағдыр тәлкегіне тап болған жас аналарға теңдессіз қолдау болды. Жоба елімізде тастанды бала болмауын мақсат қылып қойды. Бұл үйлерде баланы уақытша қалдыруға болады. Әрі ана сәбиін қалаған кезде көре алады. Ал аяғынан тұрғанда оны алып кетеді. Елімізде осындай үйлер барын көпшілікке жеткізуіміз керек әрі бұл жоба тиісті бағасын алса екен”, – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Зағипа Балиева.
Онлайн-конференцияға қатысушылар мерейтой иесінің еліміздегі педагогиканың дамуына қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
“Сара Алпысқызы “SOS балалар ауылдары” қорымен әрдайым байланыста. Бізге үнемі сыйлықтарын беріп жібереді. Ұл-қыздармен сөйлесіп тұрады. Былтыр карантин кезінде балаларды қажетті заттармен қамтыды. Соның арқасында дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдары жеткілікті болды”, – дейді “SOS Қазақстан балалар ауылдары” корпоративтік қорының директоры Гүлжан Асанова.
Айта кетейік, Сара Алпысқызы 2 күннен соң 80 жасқа толады.