Bugin
Қызметіне лайық
Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен өзінің қарамағанына қарасты басқарма басшысының пара алғаны үшін қызметтен кетемін деп арыз берген. Алайда қала әкімі Алтай Күлгінов арызды алмай, орынбасарын қызметте қалдырды. Мұны Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, Алтай Күлгінов орынбасары Бақтияр Мәкенді пандемия кезінде жақсы жұмыс істегені үшін кешірген.
"Әкім орынбасары тағайындалғаннан бері үлкен жұмыс атқарылды және жетекшілік ететін салалардағы негізгі индикаторлар жақсарды: үш ауысымды мектептер саны екі есе қысқарса, оқушы саны көп мектеп саны 22-ден 14-ке дейін қысқартылды. Пандемия кезінде қысқа мерзімде жедел штаб құрылып, 43 мыңнан астам адам әлеуметтік көмек алды. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды қолдау үшін тиісті әлеуметтік орталықтар ашылды, онда олар "бір терезе" қағидаты бойынша көмек ала алады, сондай-ақ қосымша білім алып, кейіннен жұмысқа орналасуына мүмкіндік қарастырылды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан басқа, ПТР-зертхана саны 1-ден 23-ке дейін ұлғайтылды, ал тест нәтижесінің уақыты 4-5 күннен 4 сағатқа дейін қысқартылды. Сондай-ақ, жұмыс орындарын құру және еріктілерді қолдау секілді ізгі жұмыстарды атқарған.
"Әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан жұмыстардың жоғары тиімділігі мен нәтижелілігін, сондай-ақ қылмыстық іске еш қатысы жоқ екені ескеріле отырып, Б.Мәкеннің қызметінен кету туралы өтініші қабылданған жоқ. Алайда оған қатаң сөгіс жарияланды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кеткен жөн, былтыр жазда Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов 10 млн теңге пара алды деген айыппен ұсталған болатын. Ал ҚР мемлекеттік қызметі туралы" заңға сәйкес, басшының қоластындағы қызметкердің жемқорлыққа қатысы бары анықталса, басшы да, қызметкер де жұмыстан кетуі тиіс.
Ал Нұрлан Сыдықов әлеуметтік және мәдени саланы басқаратын орынбасар Бақтия Мәкенге тікелей бағынышты.