Білім және ғылым
Батыс Қазақстан облысындағы ең жас мектеп директоры – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жансұлтан Нұрмұханов. Ол қазіргі таңда Сырым ауданы, Қособа орта мектеп-балабақша кешенін басқарып отыр
Жансұлтан Нұрмұханов – бес тілді жетік меңгерген тарих пәнінің мұғалімі. Ұстаздық қызметке келуіне ата-анасының тікелей әсері болған. Жансұлтанның әкесі жоғары оқу орнында музыка пәнінен сабақ берсе, анасы география, химия, биология пәндерінің мұғалімі.
Кейіпкеріміз М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Польша еліндегі Быдгощ қаласының Халықаралық Туризм және Мәдениет институтымен жасалған екі жақты шарты арқасында екі жоғары оқу орнын тәмәмдаған. Жоғары оқу орнын бітірген соң ел экономикасының басым секторлары үшін бәсекеге қабілетті кадрларды дайындайтын «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания мемлекетіндегі Манчестер университетінде мамандандырылған тілдік курстан өтіп, Уорик университетінде «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық және менеджмент» мамандығы бойынша магистратурада білім алған.
«Қазіргі таңдағы ең үлкен жетістіктерімнің бірі – «Болашақ» бағдарламасы аясында ҚР Президентінің халықаралық шәкірақысының иегері атануым» дейді Жансұлтан Нұрмұханов.
«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай, кейіпкеріміз оқу бітіргеннен кейін алған теориялық білімді тәжірибе жүзінде іске асыруды ауыл мектептерінен бастағанды жөн көрген.
Қазіргі таңда, Қособа ауылында мектеп-балабақша кешенінде директор қызметін атқарып жүр. Оқу жылы басталғалы бері, мұғалімдердің қажеттілігіне қарай IT құзыреттілік, ағылшын тілі, «Жас мұғалімдер мектебі», «Lesson study» сынды мектепішілік курстар мен жобалар ұйымдастырған. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларына тегін түрде IELTS курсын өткізуде. Білім алушылардың ҰБТ-ға дайындық механизмін де бір жүйеге келтірілген.
Жансұлтан Қайыржанұлы еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек ететін жеткізді.
Үміт ЖӘҢГІРОВА