МӘДЕНИЕТ
Танымы мен тағылымы мол сұқбатты сізде оқып көріңіз, қымбатты жас дос!
Жақында талапкерлер мен тілшілерге арналған «Белес» жас журналистер ұйымы ашылды. Ұйымның жетекшілері «Ұлан» газетінің жас тілшілері екенін атап өткен жөн болар. Жас журналистер ұйымының негізгі мақсаты-журналистика саласына бет бұрып, ауқымы кең салаға оқуға түсуді армандаған жас талапкерлерді емтиханға дайындау, білім көкжиегін кеңейту. Енді ұйым ай сайын талапкерлер үшін марафон ұйымдастырып отыратын болады. Алғашқы марафонның қатысушылары сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, мамандық жолында болашақ әріптестерімен байланыс орнатты. Аталмыш марафон аясында жұлдызды кездесу ұйымдастырылған болатын. Сұқбат қонағы кино саласында қолтаңбасын қалыптастырған танымал кино және театр актрисасы, тележүргізуші, ҚР Мәдениет қайраткері – Шынар Асқарова. Қатысушылар жұлдызды қонақтың арнайы сұқбат беретінінен хабардар болғанда бірден сұқбатқа кірісіп, сұрақтарын дайындай бастады.
Ұлан: Өзіңіз түскен кинолардың ішінде жүрегіңізге жақын болған рөліңіз қандай?
Шынар Асқарова: Жүрегіме жақын рөлдердің бірі – «Шалғайдағы оқиға». Бұл Нұрболат Абдуллин деген танымал әнші баламыз актерлыққа бет бұрған алғашқы фильмдердің бірі болатын. Ол менің баламның рөлін сомдады. Осы сериал менің жаныма өте жақын болды деп айта аламын. Одан кейін өзімді ерекше қырымнан таныта білген бірден-бір ерекше сериалдардың бірі – «Домашние войны» атты сериал болатын. Ол орыс тілінде түсірілді. Себебі, оның режиссеры Ресейден келіп түсірген болатын. Ресейдегі атақты «Моя прекрасная няня» фильмі бар. Сол фильмді түсірген режиссер. «Домашние войны» менің жаныма жақын. Себебі, мұнда бөлек дүние, мүлдем басқаша образ. Екі сериалды алып қарасаңыз бір-біріне қарама-қарсы образдардың бар екенін байқауға болады. Ал менің алғашқы үлкен рөлдерімнің бірі – Дулат Исабеков ағамыздың «Тіршілік» повесінің желісі бойынша түсірілген «Тауқымет» фильмі болды. Ол кезде мен институттың үшінші курсын тәмәмдап, төртінші курсты оқып жүргем. Сол кезден бастап кастингтерден өтіп, ең алғашқы фильмім болды. Ол да менің жаныма ерекше орын алған рөлдерімнің бірі.
Ұлан: Осыдан бірер жыл бұрын «көрермен көзайымы» номинациясы иегері атандыңыз. «Көрермен көзайымы» атағы басқа номинацияларға қарағанда ерекше екені рас. Жалпы, осы номинацияны алу арқылы көрерменнің ыстық ықыласын сезінесіз бе?
Шынар Асқарова: Әрине, сезінемін. Мәселен спектакльден біткен соң актерлар халықтың алдына шығып, тағзым жасап, келгендеріне алғысымызды білдіріп жатамыз. Осы кезде әрқайсымыз кезекпен сахнаға шыққан сәтте көрермен ықыласы қатты байқалады. Мен шыққан кезде көрермендер қатты қол шапалақтап, ерекше ықыластарын білдіріп жатады. Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой. Инстаграм, фейсбук арқылы өздерінің жылы лебіздерін, ризашылықтарын білдіріп, алғысын айтып отырады.
Ұлан: Өнерден жалыққан кезіңіз болды ма? Егер осындай тығырықтар болса сізді кім құтқарады?
Шынар Асқарова: Шынымды айтсам, мен кез келген нәрседен жалығуым мүмкін. Кез келген нәрседен бас тартуым да мүмкін. Ондай сәттер өмірде көп кездеседі. Бірақ, өнерден емес. Мен өнерден зерігіп, одан алыстап немесе жалыққан емеспін. Сүрініп, құлап жатқанның өзінде өнеріме тағзым етіп тұрдым. Бойымдағы өнерімнің шынайы екенін білдім. Қиналып тұрып өзіме сендім. Жеңіліс болған күні, ертең жеңіс келетініне міндетті түрде сендім. Өнерден зерігуге болмайды. Осы салаға келгеннен кейін барлығы саған байланысты болады. Өзіңнің талабың, ізденісің болса онда ешқашан ойың өзгермейді.
Ұлан: Кино немесе театр екеуін таңдау керек болса, қайсысын таңдар едіңіз?
Шынар Асқарова: Әрине, екеуін бөліп жаруға болмайды. Егіз ұғым. Екеуі үнемі қатар жүреді. Дегенмен, театр-алғаш қадам басып, аңсап келген орным. Театр – бұл бұлақ қой. Әр салаға, әр арнаға сені жетектеп алып барады. Сені үлкен теңізге, көлдерге апарады. Театр – фундамент, мектеп ордасы. Себебі, ол жерде сен шыңдаласың, актерлармен жұмыс жасайсың, білмей жатқан тұстарын қасыңдағы серіктестеріңнен қарап үйренесің. Сондықтан театрды басқа бір саламен айырбастауға болмайды.
Ұлан: Сіздің ойыңызша қыз баланың бойында қандай қасиеттер болу керек?
Шынар Асқарова: Мен үлкен отбасынан шыққан қызбын. Анамыз бізге жақсы тәрбие берді деп ойлаймын. Себебі, білім алғаннан бөлек анамыздың мектебінен өтуіміз керек. Үйде көп қыз болдық. Біздің анамыз күнделікті қасымызда болмаса да, алдыңғы буындағы әпкелеріміз бізге жол көрсетуші болды. Жалпы біздің өзіміздің қазақылыққа тән табиғатымыз бар. Оны сен басқа жақтан іздеп, өзгеге еліктеп, энциклопедияны ашып тарихтарға үңілудің қажеті жоқ. Біздің жаратылысымыз табиғатымыздан бар. Өзіміздің инабаттылығымыз, үлкенге деген құрметіміз, осының бәрі қанымызда сіңіп қалған. Сен мың жерден басқаны көріп, оған қызығушылық танытсаң да сенің табиғатың өзге. Қазаққа тән болмысыз, ибалылығымыз, ұяңдығымыз бар. Қыздар ашық киінбей, үнемі жинақы жүргенді жақсы көремін. Өзімдікі сияқты шаштары ұзын болғанын қалаймын. Менің үйде бір тал қызым бар, оны қолымнан келгенше қазаққа тән етіп тәрбиелеп келе жатырмын. Қазақи салт-дәстүрлерді білу керек. Біз осы құндылықтарды ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізе білуіміз парыз. Қыз бала үйде қандай болу керек, түзде қандай болу керек? Мысалы, біз шет елге шықсақ өзге елдің азаматтары бізді көріп қазақтың қыздары қандай деп таң қалатындай әсер қалдыруымыз керек. Біз ашық киініп, бояу жағып емес, білім-біліктілігімізбен, тәрбиемізбен таң қалдыра білуіміз керек.
Ұлан: Өнерде де, өмірде де кімді үлгі тұтасыз?
Шынар Асқарова: Шыны керек, қыз бала анаға жақын болғанымен әкені қадір тұтады. Біздің үйдегі тәрбие солай болды. Мен мысалы өмірде өзімнің әкемді пір тұтамын, әрине анамды да құрметтеймін. Анаға деген құрмет шексіз. Әкемнің ұстамдылығы, бойындағы білімін үлгі тұтамын. Ол кезде көп инситутты бітірмесе де ол кісінің бойында ерекше дарыны болды. Орыс, қазақ тілінде, төтенше жазу ғаріптерді таныды. Жұрт қандай да бір өтініш, арыз жазу керек болса әкеме келетін, әлі есімде. Сол кезде әкем отырып-ақ қағазы мен қаламын алып төтенше жазуды аударып беретін. Қытайдан келген хаттар болу керек, құжаттар ма екен жергілікті тұрғындар, туысқандарымыз хат жазып жіберіпті, соны оқып беріңізші деп әкеме келетін. Мен таң қалатынмын. Әкеме осыншама тілді қайда білетінін сұрадым. Әкем күліп бағындырмайтын белес болмау керек, жоқ болса да өз-өзіңмен қызмет жасауың керек дейтін еді. Осыған қарамастан әкем орысша сауаты мықты болып түрлі құжаттарды жазатын. Өнерде үлгі тұтатын тұлғамыз-Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз. Сол кісіден көп білім алдық. Біліммен қоса тәрбиені де алдық. Адалдыққа, тазалыққа, екі сөйлемеуге, жауапккершілікке үйретті. Осы кісінің курсына қабылданғаннан кейін бірінші күннен бастап адал болуға үйретті. Бірінші адал азамат бол, сосын өнерге аяқ басасың. Сондықтан менің өнердегі пір тұтатым адамым-ол менің ұстазым Тұңғышбай Жаманқұлов.
Ұлан: Егер шет елдің кино компаниялары ұсыныс түссе, барар ма едіңіз?
Шынар Асқарова: Барар едім. Бірақ, жақында маған Ресейден киноға шақырту келіп түсті, мен бара алмадым. Білмеймін, бәлкім қорқыныш ұялады ма?! Бір жағынан ол алыста, онда біраз уақыт болуым керек болды. Ал мұнда менің театрым бар ғой. Белгілі бір демалыс уақытында кетпесек театрдан шыға алмаймыз. Егер қаланың төңірегінде болса, әйтеуір демалыс күндері ұшып барып-келуге болады. Алыс жерлерге баруға жүрексіндім. Себебі, менің жауапкершілігім маңыздырақ болды.
Ұлан: Түсірілім кезінде берілген мәтінді ұмытып қалу, қобалжу секілді ыңғайсыз жағдайлар кездесетіні рас. Осындай жағдайларда қалай тығырықтан шығасыз?
Шынар Асқарова: Әрине, ондай жағдайлар болады. Қобалжу дайындықсыз келген кезде болады. Ал егер сен берілген сценарийді көз жүгіртіп оқып шықсаң, жақсы дайындықпен келсең қобалжу болмайды. Түсірілімдерде сөзіңді ұмытып қалып жатсаң кешірім сұрап тоқтап қаласың. Сөзіңді дұрыс айтпасаң қайтадан түсіруге тура келетін жайттар жиі болады. Сосын араға үш секундтай үзіліс жасап жалғастырып кетеміз. Ұмытып қалу сынды дүниелер кинода оңайырақ, оны қайтадан түсіре аласың. Ал нағыз қиындық театр сахнасында туындайды. Сенің алдыңда өзіңмен үзеңгілес, қатарлас актерлар болса, сөзіңді іліп әкетуі мүмкін. Керісінше қасыңда үлкен кісілер ойнап жатқан кезде сенің сөзіңді бағып, ойлап тұрмайды ғой. Ойласа да өз жұмысымен айналысып тұруы мүмкін. Осындай қиын тұстары бар.
Ұлан: Шынар апай, қазіргі таңда ең үлкен арманыңыз қандай?
Шынар Асқарова: Арман деген көп қой. Қазір менің ең үлкен арманым-үйімдегі жас түлек атанып отырған қызымды бір жерге орналастырып, өзінің армандаған оқу орнына түсіріп, құтты орнына қондырсам деймін. Осы менің нағыз орындалған арманым болар еді. Кез келген ата-ана баласының өз орнын тапқанын, қанатын қағып самғап ұшып кеткенін қалайды. Сендерге де соны тілеймін! Ата-аналарың да осындай уайымда жүрген болар... Емтихан, сынақ бәрі-бәрі өткінші дүние. Уақыт өте келе артта қалатыны рас.
Ұлан: Өзіңізді он жылдан соң қалай елестетер едіңіз?
Шынар Асқарова: Мен көріпкел болсам айтар едім (күлді). Шынымды айтсам, білмейді екенмін... Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз, бүгінгі сәт бірнеше сағатта басқаша болып өзгеріп жатады. Сондықтан да бірдеңе айтудың өзі қиын. Бастысы, деніміз сау болсын! Өнер әлемінде қызмет еткім келеді, он жылдың ішінде білімі толыққан салиқалы әжелердің бірі болармын.
Ұлан: Мамандығыңыз үшін неден бас тартар едіңіз? Осындай қиын жағдайлар болды ма?
Шынар Асқарова: Иә, басымнан өтті. Мен мамандығым үшін отбасын құрудан бас тартқанмын. Жастық қой, әрине... Қызға көз салмайтын, сөз салмайтын, өмірдің заңдылығына қайшы келмейтін тұстары болады ғой.
Ұлан: Ел алдында жүргеннен кейін біраз сыни пікірлер айтылады. Осындай пікірлерге көзқарасыңыз қандай?
Шынар Асқарова: Сынды өте жақсы қабылдаймын. Сын айтылмай қалған жерде өзіңді өше бастадың деп есептеуге болады деп есептеймін. Себебі, біз сол сын пікірлермен өстік. Сол сындар бізді өсірмесе өшірген жоқ. Сын кімге айтылады? Егер сенің бойыңда жақсылық болса, жетпей жатқан тұсың болса жолың түзу, бірақ бір нәрсе жеткіліксіз болып тұрса сын айтылады. Ал егер түк жоқ жерде мың жерден сын айтсаң, сын айтудың керегі қанша?! Жоқ нәрседен адам бұрылып кете береді. Бар болғаннаан кейін сын айтылады. Сондықтан сынды да дұрыс қабылдай білу керек. Мен сынды өте жақсы көремін. Енді сынның да бірнеше түрі бар ғой, қай тұста айтылады, қалай айтылады? Кәсіби тұрғыда айтылған сындарды мен жақсы қабылдаймын. Ал егер басқа себептермен айтылып жатқан сындар болса, мәселен жеке өміріме қатысты болса немесе басқа жағдайларда айтылған сындарға назар аудармаймын.
Ұлан: Шынар ханым, алтын уақытыңызды бөліп кеңестеріңізбен бөліскеніңізге алғысымызды білдіреміз! Әсерлі сұқбатыңыз үшін рақмет!
Шынар Асқарова: Сіздерге де көп рақмет! Бұл өте жақсы жоба екен. Расымен де, қазіргі жастарды білімге баулу деген керемет қой. Еліміздің атын әлемге танытатын үлкен журналист болып өсулеріңе тілектеспін! Алдағы сыннан сүрінбей өтіп, өздерің қалаған оқу орындарының білімгері атану бұйырсын!
Сұқбаттасқан: Алтынай Бауыржанқызы