Саясат

Қазақ қоғамы оянды – артқа қайтар жол жоқ

Жәмила Стехликова тарихи отаны – Қазақстанда болып жатқан жағдайларды мұқият бақылайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Чех Республикасының адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі, қазір Чехияның оппозициялық либерал-экологиялық партиясы төрағасының орынбасары Жәмила Стехликова тарихи отаны – Қазақстанда болып жатқан жағдайларды мұқият бақылайды. «Азаттыққа» берген сұхбатында ол қазақстандық саясат, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңайындағылар туралы пікірімен бөлісіп, билік пен қоғамның диалогы қажеттігін айтты.

Жәмила Стехликова – чех саясатындағы бірінші әрі жалғыз қазақ қызы. Мәскеу медициналық жоғары оқу орнын бітірген алматылық 1980 жылдардың соңында Чехияға қоныс аударған, ол жақта экологиялық белсенділік танытып, азшылықтың құқығын қорғаумен айналысты.

2007–2009 жылдары Жәмила Стехликова Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылық жөніндегі министрі қызметін атқарды және үкімет жанындағы Адам құқығы жөніндегі кеңесті басқарды. Ол түрлі азшылықтың құқығын қорғауға бағытталған дискриминацияға қарсы заңды әзірлеушілердің бірі. 2016 жылы Стехликова ЛГБТ құқығын қорғауға қосқан үлесі үшін «bePROUD» («Мақтан тұт») сыйлығын алды.

– Стехликова ханым, қазір немен айналысып жүрсіз?

– Оппозициялық қызметпен айналысамын, қайта құру кезінен бері қолға алған жұмысым, Вацлав Гавелмен ынтымақтас болған кездегі, үкіметте жұмыс істеген кездегі ісімді жалғастырып келемін. Ол – адам құқығын қорғау. Адам саяси өмірді бір бастаса тоқтай алмайды, есірткі сияқты тартып тұрады.

– Министр болған кезіңізде жүзеге асыра алмай кеткен жобаларыңыз бар ма?

– Мен дискриминацияға қарсы заңды өткіздім. Ол ұлттық азшылықты ғана емес, адамдарды жынысына, жасына, сексуалды бағдары мен дініне және нәсіліне байланысты алаламауды көздейді. 2008 жылы Чехия Еуроодаққа басшылық етті, мен Адам құқығы жөніндегі еуропалық елдердің барлық министрлеріне төрайым болдым.

Еуропа елдерінің бәрі адам құқығын қорғауға ниет танытты. Басқа елдер де Еуропаның ізімен жүреді деп үміттендік. Қазақстанның да сол кезде Еуроодаққа қосылуды стратегиялық мақсат еткені құпия емес. Министр қызметінен кеткенде, бар мақсатым орындалғандай көрінді, қуана-қуана зейнетке шыға берсем болады деп ойладым. Бірақ олай болмай шықты, тез арада жағдай кері кетті. Қазір популизм күшейіп тұр, әсіре оңшылдар бас көтерді, миграциялық толқын жүріп жатыр, жаңа азшылық топтар пайда болды, оларды қорғау керек. Адам құқығы белгілі бір азшылықты ғана қамтымайды. Ол барлық адамның құқығына қатысты, себебі әркез қандай да бір топтағы адамды қорлаудан басталады. Кейін ол тұтас қоғамға жайылады, індет тәрізді жеккөрінішпен улайды. Бәрінің құқығын қорғау керек, сонда қоғам сауығады.

– Қазақстанда соңғы рет қашан болдыңыз? Адам құқығына қатысты жағдайды қалай сипаттар едіңіз?

– Қазақстанда былтыр маусымда болдым. Құқық қорғаушы достарыммен кездестім. Аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, достарымның үштен бірі Украинаға көшіп кетті, үштен бірі қоғамдық қызметке тыйым салынғанын айтады, енді үштен бірі түрмеде отыр. Бұның бәрі ауыр әсер қалдырады, бірақ қозғалысты тоқтатуға болмайтынына сенімдімін. Жер реформасына қатысты жағдайдан соң қазақстандық, қазақ халқы демократияға дайын, пісіп-жетілді деп санаймын.

Қазақстандағы адам құқығын қорғамасақ, әріптестерімізге көмектеспесек, жерін сатудан қорғамақ болғаны үшін адамдарды түрмеге жаба берсек, халықтың наразылығы радикалдық сипат алуы мүмкін. Жер реформасы, расында да, Қазақстан азаматтары үшін өте тиімсіз болды.

Оппозициялық партиялардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берсек, құқық қорғаушылардың ой-пікірін айтып, пікірталасқа қатысуына жол ашсақ, билік халықпен, соның ішінде құқық қорғаушылармен сөйлессе, Қазақстанда қауіпті радикалды қозғалыстардың алдын алуға болады деп ойлаймын.

– Бір сұхбатыңызда Қазақстанда «ерте ме, кеш пе, жылымық басталады» деген едіңіз. Онымен не айтқыңыз келді?

– Жылымық – қазақ халқының оянуы. Оған тек Желтоқсан оқиғасы ғана емес, жер реформасына қатысты болған жағдай да кіреді. Аяқ астынан болған жайт, ешкім оларға ештеңе төлеген жоқ, адамдар жерін қорғағысы келетінін түсінді, аяқ астынан шеруге шықты, оңтүстік көршісінің отарлауының алдын алғысы келді. Ұлттың оянуы деген осы.

Мен бұл оқиғаны бақылаған кезде жыладым, екі белсендіні түрмеге қамағанда, қатты уайымдадым, олардың бірі қазір бостандыққа шықты. Өкінішке қарай, Макс Боқаев әлі қамауда отыр. Ол, расымен де, қазақ халқының батыры, есімі ел аузында қалады деп ойлаймын. Азаматтық қоғам оянды, енді артқа қайтар жол жоқ. Бұдан былай халықтың келісімінсіз Қазақстанның табиғи байлығын тарату мүмкін емес, халық оянғандықтан, жылымық келеді.

Мен эволюциялық даму жолын қолдаймын. Қазақстанда Майдан немесе «барқыт революциясы» тәрізді оқиғалар болады деп ойламаймын. Қазақтар – өзгеше халық. Жас буынға уақыт беру керек, олар елді өз қолына алады. Сол кезең туады деп сенемін.

– Халықаралық сахнада Қазақстанды қалай елестетесіз?

– Бір жағынан, Қазақстан, шынымен де, Орталық Азиядағы экономикалық әрі геосаяси көшбасшы болады деп елестетемін. Бірақ, екінші жағынан, табиғи байлығының арқасында экономикалық әлеуеті зор болғанына қарамастан, қазақстандық саясаттың көпвекторлығы шайқала бастады.

Кейде Ресейге, кейде Қытайға қарай бет бұрғанда, қапаланып қаламын, олар өте күрделі көршілер. Әрине, олармен дос болу керек, бірақ тәуелсіз саясатты сақтау қажет. Алып мемлекеттерге саяси тұрғыда да, экономикалық тұрғыда да тәуелді болмау керек.

Сондықтан болашақ туралы ойланайық. Қытай бізді сатып алмауы үшін, онымен қалай қарым-қатынас жасауды ойланайық. Ресеймен қарым-қатынас қандай болу керек, жаңа экономиканы шикізат емес, технологияға негіздеу жолдарын ойластырайық. Себебі Қытайдың шикізат көзіне айналмауымыз керек, ондай тағдыр керек емес.

Қазақтар өте талантты халық, байлығы мен алып аумағына қарай, геосаяси жағдайына орай Қытай мен Ресейдің көлеңкесінде қалмауға тиіс. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болуы керек, АҚШ сияқты үшінші векторы болсын, ол үшін өте бай әрі мықты мемлекет болғаны керек.

– Қытайдағы азшылыққа арналған «саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері» туралы не ойлайсыз?

– Бұл мәселе мені қатты толғандырды. Бұл жерде халықаралық қауымдастық көмекке келуге тиіс. Қытайда тұратын қазақтардың құқығы бұзылып жатыр. Өкінішке қарай, қазақстандық басшылар ел Конституциясы талап еткендей, қатаң позицияны ұстанбай отыр. Шетел мен ел ішіндегі отандастарымыздың құқығына көңіл бөлмесек, адам өзін мүлдем қорғансыз сезініп, әлемде әділеттік жоқ деп ойлайды. Сол кезде адам радикалдана бастайды.

– Сіз ұлттық сана-сезім, қазақ менталитеті мен ұлттық ар-намыстың оянуы туралы жиі айтасыз. Қазақстандықтардың азаматтық сана-сезімі қандай деңгейде?

– Ар-намыс деңгейіне келсек, соңғы 30 жылда үлкен прогресс болды. Қазақтардың отанын мақтан тұтатын ұл-қыздарға айналғанына күмәнім жоқ. Бірақ кей адамдардың ұлттық сана-сезімі болғанымен, азаматтық санасы дамымады. Олар қорқып қалған, ештеңеге араласпауға тырысады.

Жастардан: «Сондай жақсы білім алыпсыз, саясатқа барасыз ба?» деп сұраймын. «Жоқ, жоқ! Менің өмірім бөлек, Ақорданың өмірі бөлек. Үйлендім, үй саламын, ата-анам қартайды, өз басыма жетіп артылатын машақатым бар» дейді.

Сол кезде адамдардың мемлекеттің болашағына үлес қосуға қорқатыны былай тұрсын, оны мүмкін емес деп санайтынын, бәрібір «біз үшін бәрін шешіп қойған» деп ойлайтынын түсінемін. Бұл қамығатын жайт. «Олар деген кім?» деп сұрасам, «биліктегілер» дейді. «Билік деген – сізсіз. Конституцияны оқыдыңыз ба?» десем, «Оны жатқа білеміз» дейді. «Онда сайлауға түсіңіз, жеңуге тырысыңыз» деймін.

Қазақстанда жаңа партия құру қиын, кедергі көп, бірақ саяси құрылым жасау жолын таңдап, кейін үлкен партиялармен таласуға болады, оның бәрі уақыттың еншісінде. Сол кезде демократиялық диалог туады.

– Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды басқарғанына 30 жыл толады. Оның саясатындағы қандай жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтер едіңіз?

– Нұрсұлтан Назарбаев – СССР тараған соң, билікте бәрінен де ұзақ отырған мемлекет басшысы. Үш саяси кезеңді бастан өткерді, бірақ биліктен кетпеді. Бұл маған көкпар ойынын елестетеді. Ол түлкідей айлакер, сұңғыла және аса сақ адам, сондықтан билікте отыр. Онымен түрлі конференцияларда кездестім, өзімен жеке таныспын, қызмет бабымен тар шеңберде араластық. Мемлекет үшін көп іс атқарды деп санаймын, әсіресе жаңа астананы салуға еңбегі сіңді, геосаяси тұрғыда бұл дана шешім болды. Бір жағынан, ЭКСПО да Қазақстанның абыройын көтерді.

Екінші жағынан, мұнай қоры бітеді, біріншіден, табиғи байлық таусылады, екіншіден, олардың бағасы тұрақсыз, үшіншіден, бүкіл әлем қалпына келетін энергия көзіне өтіп жатыр. Ал біз олардан қалып қойдық. Қазақстан табиғи байлыққа толықтай тәуелді. Тәрбие, білім мен жаңа технологияға жеткілікті ресурс бөлінбей отыр. Сәндік мақсаттағы жобалардан бас тартуға әлі уақыт бар. Күллі әлемге Қазақстанның қандай керемет екенін көрсетіп жатырмыз. Астанада болғандардың бәрі, батыстағы әріптестерім, чехтар риза болады.

Бірақ ауылдағы адамдар қалай тұрып жатыр? Түркиядан, Ираннан отанына оралған адамдар қалай күн көреді? Оларға жеткілікті көтерме ақы бермейді, сондықтан кері қайтуға мәжбүр. Яғни, үлкен теңсіздік байқалады.

Бізге Қазақстанды мадақтаудың керегі жоқ, зейнетақы реформасы керек. Бәлкім, зейнетақы қорындағы қандай да бір сома ЭКСПО сияқты жобаларға кетіп жатқан шығар. Біздің қазақтарға тән қателігіміз: «Қараңдаршы, қандай баймыз, ұлымыз!» дегенді жақсы көреміз. Қазақ той жасаған кезде соңғы қойын сойып тастайды!

Бізге қарапайым болу керек, болашақты ойлап, үнем жасауға тиіспіз. Мол қаржыны әлеуметтік жобаға, денсаулық сақтау, білім беру және жаңа технологияларды дамытуға салуымыз керек.

– Қазақстан президентінің төңірегіндегілер туралы не айтасыз?

– Президенттің маңындағылар «кім оған адалдығы мен құрметін көбірек көрсетеді» деп жарысады. Ол дұрыс емес, «көсемде туннельдік ойлау» пайда болады, орта буыннан ақпарат алмайды. Ал орта буын өкілі, мысалы, бір әкім әлденені дұрыс айтпаса, оны ауыстырып жібереді. Солайша ол халықтан ақпарат алмайды, ақпаратты сүзгіден өткізіп береді. Бұл өте қауіпті – биліктегі бірнеше адам (президент пен қасындағылар) халықпен диалог жасамайды.

– Қазақстанда кімдерді «ұлттың ар-ұяты» санайсыз?

– Өзім жақсы танитын адамдар, достарым ойыма келеді. Мысалы, Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – терең ойшыл ғана емес, ар-намысын биік қоятын адам. Құқық қорғаушы достарым. Таң қалатын шығарсыз, бірақ менің ойымша, қазіргі Қазақстандағы жас суретшілер буыны Қазақстанның өткені ғана емес, болашағымен де айналысып жүр.

Мысалы, құрбым Сәуле Сүлейменованы біртуар суретші санаймын. Ар-ұятқа не қатысы бар дерсіз. Оның салған суреттеріне қараңызшы, Қазақстандағы Ашаршылық, экология мәселелерін көтереді. Ол Қазақстанды таза, заманауи технологияларға негізделген, техникалық прогрестің алдында тұрған, әйелдерді кемсітпейтін қоғам ретінде көргісі келеді. Біздің ар-ұятымыз сол деп ойлаймын.

Санат ОРЫНӘЛИ

datnews.online