Bugin
Қазақ әуенінің ғұмыры үшін еңбек еткен жан
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариев дүниеден озды. Мұны Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
"Елбасы көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Нұрсұлтан Назарбаев оның қазақ поэзиясының дамуына сүбелі үлес қосқанын атап өтіп, ақынның жарқын бейнесі мен өнегелі ғұмыры ел жанында әрдайым сақталатынына сенім білдірді", - деп жазды Үкібай Twitter-де.
Шөмішбай Сариев 1946 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың және "Платинды Тарлан" сыйлығының лауреаты. Парасат орденінің иегері.
"Ғашықтар жыры", "Боз-жорға" атты авторлық бейнетаспасы жарық көрген тұлғаның алғашқы жыр жинағы 1974 жылы "Балдәурен" деген атпен жарық көрді. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. Шөмішбай Сариев "Сәлем саған, туған ел", "Домбыра", "Қарағым-ай", "Сарыарқа", "Аралдан ұшқан аққулар", "Атамекен-ай", "Аққу-сенім", "Жер Ана", "Ән жүрегім туған ел", "Үкілі домбыра", "Дос керек", "Бозжорға" атты бірнеше ән-өлеңдердің авторы. Оның 1992 жылы "Сүйінші" деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ болып басылған.