Әлем жаңалықтары

Club House: Не? Қайдан? Қалай? Не үшін?

Club House жайлы бар сырды аштық...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 «Clubhouse қосымшасы маған өте қатты ұнады. Себебі бұл жерде еліміздің де, шетелдің де мықты кәсіпкер, маркетологтарымен танымды әңгіме-дүкен құруға болады. Бұл қосымша елімізге келген күннен бастап бетке ұстар азаматтарымыз өмірлік және кәсіптегі тәжірибесімен, басынан кешкен оқиғасымен бөлісіп жатыр».

Қазақстандық танымал блогер, актер, сценарист Ақарыс Әділжан (@Aqarys) жаңадан тенденция алып келе жатқан Club House әлеуметтік желісі жайлы жоғарыдағыдай ойын білдірді. Оның ойынша, қосымшадағы аудио арқылы байланысу техникасы ақпаратты эффективті түрде қабылдауға көмектеседі.

 «Ең бастысы – пайдалы инсайттармен алмаса алу мүмкіндігі. Бұл біз тыңдап жүрген подкаст сияқты емес. Мұнда адам дәл жаныңда өзіңе жеке әңгіме айтып жатқандай күй кешесің. Меніңше, осы техника ақпараттың эффективті түрде қабылдауына әсер етеді. Жалғыз кемшілік – Android платформасында жоқтығы» деді ол.

Сонымен, бұл қандай қосымша? Оның ерекшелігі неде? Қалай тіркелеміз? Осы сұрақтың бәріне Bugin.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Club House деген не?

Сlub House – бұл жаңадан пайда болған әлеуметтік желі. -Оның өзгешелігі – адамдардың бір-бірімен тек дауыстық хабарламалар арқылы байланыса алуы. Бұл ерекше платформа жайлы соңғы апталарда ғана айтыла бастағанымен, қосымша 2020 жылы ақпан айында іске қосылған.

Жаңадан белең алып келе жатқан әлеуметтік желіні құрған – Стэнфорд университетінің түлектері Пол Дэвидсон мен Роэн Сет. Екеуі де бұрын Google-да жұмыс жасаған. Мұндай платформаны құру идеясы коронавирустық пандемия басталған кезде туған. Себебі халықтың бір-бірінен оқшаулануы негізінде қарым-қатынастың жаңа тәсілін іздеп табу қажет болды.

Clubhouse адамдар арасында пікірталас тудырып, ой, идея алмасатын орта болып табылады. Әркім өзінің қызығушылығына қарай алаң, яғни рум  таңдай алады. Тек жеке хабарламасыз, фотосуретсіз және бейнебаянсыз. Бұл желі бәрімізге танымал подкаст пен Zoom, Google Meet сияқты конференцияларға арналған қосымшаның ортасындағы көпір іспеттес.

Clubhouse танымалдылығының құпиясы неде?

Біріншіден, платформаның өте сәтті уақытта пайда болуы. Себебі 2020 жылы подкаст пен аудиалдыққа қызығушылық саны салыстырмалы түрде артты. Одан бөлек қатысушының көңіл-күйін дауыс ырғағы және екпіні арқылы  тануға болады.

Екіншіден, оның жабықтығы. Қатысушы қосымшаға тек бір адамның шақыруымен ғана қосыла алады. Бірақ бұл ерекшелік желіге ақылы қосылу мүмкіндігін ашуға дейін әкеліп соқты. Мысалы Twitter мен еВау инвайттарды 20 доллардан бастап 800 долларға дейін сатып жатыр.

Үшінші себеп – сіздің атақты инвестор, кәсіпкер, жұлдыздармен еркін сөйлесе алуыңыз. Желіні Илон Маск, Опра Уинфри, Джаред Лето және тағы басқа атақты адамдар қолданады. Көп адамның пікірінше, жоғарыдағы ерекшеліктер жабық клуб көрінісін жасайды. Осы арқылы бәрі өзін «таңдаулы» сезінеді.  

«Мысалы Mercedec Benz компаниясынан көлік алу үшін алдын-ала тапсырыс беріп, 3-4 ай күтіп барып қол жеткізесің.  Дәл сол сияқты Сlubhouse-қа да қосылу оңай дүние емес. Арнайы шақырумен кіру – оған белгілі бір деңгейде қосымша құндылық беретін сияқты» деп баға берді Ақарыс.

Club House-қа қалай тіркелеміз?

Қосымша әлі толық құрастырылып, бәріне қолжетімді болған жоқ. Оны тек IOS платформасындағылар, яғни Iphone смартфоны адамдар ғана қолдана алады. Бағдарламаны жүктеп алған соң, аты-жөніңізді жазып тіркеліп, сізге шақыру жібергенін күтесіз.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қосымшаға тек біреудің шақыруы арқылы ғана қосыла аласыз. Бірақ шақыру саны шектеулі. Өз артыңыздан тек 2 адамды қоса аласыз. Ал кейін желінің белсенді қолданушысы болсаңыз, сізге қосымша мүмкіндіктер берілуі мүмкін.

Шақыруды сатып алудың қажеті жоқ. Ал егер қатты қаласаңыз, кем дегенде еВау сияқты сенімді сатушыларды таңдаңыз. Онда әкімшілікке шағымдануға және ақшаңызды кері қайтарып алуға болады. Бұл жағдайда төлем жасағаннан кейін, сіздің телефон нөміріңізге хабарлама арқылы сілтеме жіберіледі. Сізге шақыру жіберген адамның аты профиліңізде көрсетіліп тұрады.

Қосымшаны қалай қолданамыз?

Тіркеу аяқталғаннан кейін қызығушылықтарыңызды көрсету сұралады. Кейіннен соған қарай қосымша автоматты түрде сіз жазылуға болатын адамдарды ұсынады. Басты бетте тіркелген адамдарыңыздың бөлмесі көрсетіледі. Сол жерден кез-келген бөлмеге кіріп, тікелей эфирде жүріп жатқан әртүрлі әңгімені тыңдай аласыз. Сұрақ қою немесе пікірталасқа қатысу үшін «қолды көтеру» түймесін басу керек. Егер модератор, сұранысты мақұлдаса, дауыс қосылып, өз пікіріңізді білдіресіз.

Жалпы тіркелуші үш түрлі бөлме құра алады: ашық, әлеуметтік, жабық. Ашық бөлмеге – кез-келген адам кіре алады. Әлеуметтік бөлмеге – сіз тіркелген адамдар ғана, ал жабық бөлмеге – тек таңдалған қатысушылар ғана қосылады. Бөлмедегі қатысушылар санының лимиті 5000 адамды құрайды. Егер достарыңыздың бірі жаңа бөлме, оны лентаңыздан көресіз. ZOOM сияқты сілтеме мен шақыру жіберіп қажеті жоқ. Маңызды пікірталасты жіберіп алмас үшін негізгі экрандағы «ескертпе» батырмасын басып қойсаңыз болады.