Білім және ғылым

Өз жолымды Жамбылдың бір ғана өлеңінен таптым

Жамбыл – ғасырлық ақын. Жамбыл – жаңашылдықтың бастамасы. Жамбыл – интернационалист ақын. Жамбыл – халық поэзиясының алыбы. Жамбыл – ХХ ғасырдың Гомері. Жамбыл – қазақ халқының жүрегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі Жамбыл арманының адамзаттық арман аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз"

Н. Ә. Назарбаев

Жамбыл Жабаев – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы, өлең сөздің дүлдүлі. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын деп білемін.

Қазақ поэзия тарихында, ел есімін асқақтатып, шындықты шынбайға жеткізе айтып, халықтың мұңын, жанайқайын өлең-жырмен өрбітіп, қара халыққа демеу болып, жүректі тебірентер жыр жазып, әр шығармасынан, поэзиясынан рух алатын, халқымыздың жүрегі деп ауыз толтырып мақтанарлық, ел есінде мәңгі сақталатын ақын, жырауларларымыз өте көп.  Бірақ барлығының ел есінде, халық жүрегінде, тарихта, қазақ, әлем әдебиетінде өзіндік алар орны ерек, қосқан үлесі ұшан теңіз. Ал қазақ елі үшін, ұлтшыл, әр жас азат ұрпақ үшін, жаңашылдықты іздеген жасөспірім үшін Жамбыл қараңғы түнектен адаспай жол нұсқар жарық, сәулелі шам іспеттес. Неге? Себебі, Жамбыл – ғасырлық ақын. Жамбыл – жаңашылдықтың бастамасы. Жамбыл – интернационалист ақын. Жамбыл – халық поэзиясының алыбы. Жамбыл – ХХ ғасырдың Гомері. Жамбыл – қазақ халқының жүрегі.

Мен Жамбылды бала кезден сүйіп оқыдым. Жамбыл өлеңдеріммен сусындап, өзім іздеген, санамды улаған сан сауалдың жауабын Жамбыл өлеңдерінен адаспай таптым. Шыны керек, Жамбыл өлеңінің күрделілігі сонша, ұғыну үшін өлеңді жаттау аздық ететін. Түсіну үшін әртүрлі мағына, әр қилы көзқарас, терең ой қажет. Мен солай бір өлеңді түсіну үшін, мың мәрте іздендім, мың мәрте қайталадым. Өзім іздеген, қанымда тулаған, мені іздеген, мен іздеген жаңашылдықты таптым. Өмірге деген өзіндік көзқарасымды қалыптастырып, алдыма айқын мақсат қоюды үйрендім. Өмірде өзіңе ұнайтын бір кітапты табу үшін, мың кітапты оқу керек деген сөз бар ғой. Ал мен Жамбылдың бір өлеңін түсіну үшін, мыңтүрлі мағына іздедім. Әр өлеңінде астарлап жеткізген қанша шындық жатыр десеңізші... Ойлап қараңызшы, кейде сенің өмірлік мақсатыңды айқындау үшін, өз жолыңды, ұстанымыңды табу үшін бір ғана кітапты түсініп оқу жеткілікті екен. Ал мен бұларды Жамбылдың бір ғана өлеңінен таптым десем сенбессіз, бірақ бұл ақиқат. Сондағы өлеңнің құдіреті. Соны ұқтыратындай жүрек, маржан сөздің қасиетіне таңданбасқа болмас. Міне, Жамбылды сүйіп оқуымның себебі осы. Жамбыл – көркем тілмен, мың еселеп мақтауды қажет етпейтін, өзінің өлеңдеріне баға алмайтын ақын. Себебі, ол халық жүрегінен әлдеқашан өз орнын тапқан, оның өлеңдерінің бағасы қашанда шексіз.

Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді.  Міне, биыл қазақ әдебиетінің біртуары, ұлы жырау, ақын, өлең мен жырдың қазақ халқы алдында қашанда мәртебесі көтерілуіне себепкер бола білген жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа 175 жыл толмақ! Бұл күллі қазақ халқы үшін айтулы мереке, ортақ қуаныш деп білемін!!!

      Қорытындылай келе, ойымды осы бір өлең жолдарымен аяқтасам деймін:

                       Жолбарысы жүрегінің жүз жасаған,

                       Жаңылмастан жыр дәнін Жамбыл сепкен.