Қазақстан жаңалықтары
16 ақпанда Tengri Bank ресми түрде жабылғаны еді
Қаржылық мониторинг агенттігі Tengri Bank-тің бұрынғы басқарма төрағасы Ержан Шайкеновтің ұсталғанын растады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Azattyq Ryhy-на сілтеп хабарлайды.
"16 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, Tengri Bank-тің бұрынғы төрағасы Е.Б.Шайкеновті ұстады. Тергеу мүддесіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді", - деп хабарлады.
Айта кеткен жөн, 2020 жылдың желтоқсанында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-ті лицензиясынан айырған еді. Tengri Bank салымшыларына 10,7 млрд теңге төленді.
2021 жылдың 2 ақпанында Қаржылық мониторинг агенттігі Tengri Bank акционерлік қоғамының басшылығында болған екі адамға іздеу жариялады.
2021 жылдың 16 ақпанында Tengri Bank ресми түрде жабылды. Банктің клиенттері алдындағы қаржылық міндеттемелерінің жалпы көлемі 74 миллиард теңгеден асқан.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік реттеу департаментінің директоры Олжас Қизатов Tengri Bank-тің лицензиясынан не себепті айырылғанын түсіндірді. Айтуынша, 2020 жылдың басында банк салымшылар қаражаттарының айтарлықтай жылыстауын бастан кешірді, ал наурыз айында қаржы институты өтімділіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмады.
2020 жылдың 1 наурызынан бастап Tengri Bank реттеушінің пруденциалдық нормативтерін бұза отырып, банк клиенттеріне қызмет ете бастады. Нәтижесінде агенттік банктің акционеріне (PNB) банкті 2020 жылдың сәуір айының аяғына дейін капиталдандыру туралы қадағалау талабын жібергенмен, ол орындалмаған.
"Реттеушінің қадағалауымен банк несиелерді қайта қаржыландыру және проблемалық несиелерді жинау бойынша іс-шаралар жүргізді, нәтижесінде банктің міндеттемелері 26,4 млрд теңгеге азайды, оның ішінде мемлекеттік компаниялар алдындағы қайтарылған міндеттемелер 5 млрд теңге", - дейді Олжас Қизатов.