МӘДЕНИЕТ
Тараз қаласының тарихи өлкентану мұражайында "London fashion week" қазақы ұлттық киімдер көрсетілімі өтті. Елімізге танымал отандық брендттің авторы Балғын Амирхан қыз-келіншектерге арналған ұлттық киімдерді заманауи үлгіде ою-өрнектермен әшекейлеп көмкерген.
Шараның мақсаты - ғасырлар бойы мұра болып келе жатқан ұлттық киімдеріміздің ерекшелігін әлемдік нарыққа, оның ішінде Лондон төріне шығару, - дейді сәнгер.
Көрсетілімге Тараз қаласы бойынша арнайы іріктеу жасалып, сымбаты келіскен арулар таңдалынып алынған. М.Х.Дулати атындағы өңірлік университеті «Дизайн» мамандығының 3-курс студенті Айман Бахрам бұл іріктеуге қатысып, арнайы дайындалған фотолары әлемдік көрсетілімге қатысуға мүмкіндік алды.
- Бұл топтамаларды көрсету арқылы, еліміздің жаңаша үлгіде танылуына өз үлесімді қоса алсам, менің арманымның орындалғаны. Осы мүмкіндікті сыйлаған Балғын Амирхан брендіне алғысым шексіз, - дейді болашақ дизайнер.
2014 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан ұжым өздерінің алғашқы топтамасын «EXPO – 2017» көрмесіне шығарып, қолдан жасалған бұйымдарды көрсету арқылы халық арасында танылды. Ал 2018 жылдан бастап өзіндік жеке бренд Неофольклор стилінде киімдер тіге бастаған.
- Мен ұлттық киімдерімізді насихаттауды бірінші орынға қоямын. Қазақы ұлттық киімдер қыз баласының мүсінін айқындап, сұлулығын аша түседі. Әсіресе кеудешелерге көп көңіл бөлеміз. Әр ұлттың ұлттық киімдері бар. Осы құндылықтарымызды жоғалтып алмай, заман талабына сай етіп жаңғыртып отыру біздің мақсатымыз. Елімізге танымал Маржан Арапбаева, «Кешю» сынды эстрада жұлдыздарына арнайы сахналық киімдер тіктік. Осы арқылы біз отандық өнімге деген халықтың қызығушылығын арттырудамыз. Сұранысқа ие топтамаларымның бірі – той киімдері. Қазір жастар арасында тойға дәстүрлі киімдер кию сәнге айналды. Демек, ұлттық болмысымыз бен салтымызға қайта оралып жатырмыз. Сондықтан біз өткен мен бүгінгіні ұштастырып отыруымыз керек, - дейді Балғын Амирхан.
2020 жылдан бастап «Аспара fashion week» жобасына белсенді қатысып, мезгіл сайын жаңа топтамаларды шығаруды әдетке айналдырған жерлесіміз 2020 жылдың қорытындысы бойыншы «Жыл таңдауы» премиясында «Жыл дизайнері» номинациясына ие болды. Сондай-ақ «Евразиский Союз Дизайнеров Казахстана» жобасында тәжірбиелі сән үйі ретінде орнын айқындап келеді.
Балғын Амирханға алдағы уақытта тек жемісті жобалар тілейміз!
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ,
Дулати университетінің 3-курс студенті