Bugin
50-55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік бар
Қазақстанда биыл қаңтар айынан бастап 50-55 жастағы егде адамдарға зейнетақы төлеудің жаңа бастамасы іске қосылды. Мұны – кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті деп атасақ болады.
Қазақстанда ерлердің зейнетке шығу жасы – 63, ал әйелдердікі – 60 жас. 2028 жылы әйелдердің де зейнет жасы 63-ке жетпек.
Бірақ бұл жастан ертерек, яғни, 50-55 жаста-ақ зейнетке шығудың жолы бар. Ол – зейнетақыны сақтандырумен айналысатын компаниямен келісімшарт жасасу. Басты шарты – 40 не 45 жасқа толған адамның сол кездегі зейнетақы жинағы шекті сомадан асуы тиіс.
Қазіргі уақытта 45 жастағы ер адамның зейнетақы жинағы – 6 172 907 теңге, ал әйелдікі – 7 725 673 теңге болуы тиіс. Ал 40-тағы ер адамның зейнетақы жинағы – 6 973 861 еңге болса, әйелдікі – 8 632 647 теңге.
"Айта кеткен жөн, зейнетақы сақтандыру компаниясымен шарт жасасқаннан кейін 10 жылдан кейін төленеді. Яғни, 40 жаста келісімге отырса, 50 жастан бастап зейнетақы төленеді. Ал 45 жаста болса, онда 55 жастан бастап", - деп түсіндіреді Халык-Life сақтандыру компаниясының төрағасы Жанар Жұбаниязова.
Ал ауыр, денсаулыққа зиян жұмыстармен айналысатын азаматтарға бұдан да ерте 40 жасынан бастап зейнетақы аннуитетімен келісімшарт жасасуына болады. Мұндай азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы алады.
Ал төленетін зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейімен шамалас сома болады. Бәрі жиналған зейнетақының сомасына байланысты.
"Зейнетақы аннуитетінің төлемі азаматтың өмірді сақтандыру компаниясымен қай уақытта келісім жасағанына байланысты. Зейнетаы жинағы көп болса, төленетін зейнетақы да көп болады", - дейді Freedom Finance Life төрағасы Азамат Ердесов.
Сақтандыру компаниясымен келісілген зейнетақы өмір бойы төленеді. Ал азамат өмірден өткен жағдайда, зейнетақы жинағы мирасқорына беріледі.
"Өмірді сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасарда, оның қаржылық тұрақтылығына мән берген жөн. Жарғы капиталы қанша, халықаралық рейтинг агенттігіндегі несиелік рейтингі қандай, инвестициялық ахуалы қаншалықты дегенге мән беру керек. Оны Ұлттық банктің ресми сайтынан табуға болады", - дейді "Евразия" сақтандыру компаниясының төрағасы Гүлмира Убегалиева.