МӘДЕНИЕТ
Күнделікті қолданып жүрген ырым-тыйымдардың мағынасын білесіз бе?
Аспанында алтын арайлы күн шуағын шашып шалқыған, даласында алтын дән маржаны теңіздей тасып толқыған, көк жүзінде еркіндіктің тәуелсіз қыраны самғаған, сайын дала жазиралы жерді мекендеген «Қазақ» дейтін ұлттың ұрпағымыз.Ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы, ырым-тиымдарыныңда тамыры тереңде жатыр.
Көшпелі шаруашылықпен айналысатындардың өзіндік даралығымен ерекшеленетін мәдениеті болады. Қазіргі уақытта көпшілік ортасындағы «Оларда мәдениет болмаған, көшпелілер жабайы өмір сүрген» деген түсініктер шындықтан біршама алыс жатқанын айтпаса да белгілі. Осынау көшпелі өмірдің қатаңдықтарына бейімделген мәдениеттің ерекшеліктерімен қатар, озық үлгілері де қалыптасты. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдениет құндылығын жоғалтпай, одан әрі дамып отырды.Тарих сахнасында зардабы ірі болған моңғол шапқыншылығы кезінде біршама құлдырап қалса да, жылдам әрі қарқынды түрде қайта қалпына түсті. Сол кездегі жазбаша деректер мен археологиялық материалдар моңғол шапқыншылығы дәуірінен кейін-ақ бірқатар кәсіби қолөнердің болғанын көрсетеді. Әсіресе, көшпелі тұрмысқа лайықталған ұсталық, теріден былғары илеу, тоқымашылық, тігіншілік, киіз басу, зергерлік, қару-жарақ жасау, ыдыс жасау қолөнерлері басым дамыды.Материалдық мәдениеттен бөлек, рухани мәдениетіміз өркендеп, тұғыры да тереңге бойлай бастады.
Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесі халқымыздың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс тапқаны белгілі. Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту және т.б. нәрселер ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні терең дүние. Кейбір ырым-тыйымдар бағзы замандардағы шамандық, тәңірлік наным сенімдердің сипаты, белгісі ретінде де көрініс беріп жатады. Қалай дегенмен, ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды.
Сонымен қатар ырымды жеке адам бұлжытпай орындау үшін сездірілетін рәміздік әрекеттер жүйесі деуге де болады. Мысалы: Жұлдыз ақса, оны көрген кісі «Менің жұлдызым жоғары» деп айту керек; Бала сүт тісі түссе, оны майға орап «Жасық тісімді алып, өткір тісімді бер» деп итке беруі керек. Үйдің іргесіне ит сарыса, құт құйылады. Ерттеулі тұрған ат сілкінсе, жын-шайтанды үркітіп жатқаны деп ырымдалады. Ырымдардың барлығы бірдей жақсылыққа кенелтетін болжамдармен ғана емес, адамға төнетін қауіп-қатер туралы да жорамал жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, түнде жолыңда сиыр жатса, сапарың оң болмайды. Оқпақ шақырса, бие құлын тастайды. Алдыңнан түлкі қашса, сапарың сәтті болады. Сол құлағың шыңылдаса, біреу сені жамандап жатыр деген ырымдардың шындыққа жанасатынын нақты біле алмасақ та, іштей сенетініміз хақ. Ырымға сену керек пе, әлде сенбеу керек пе деген мәселенің құпиясы әлі күнге дейін ашылған емес. Мәселен, «көз тиюден сақтайтын» сан түрлі ырымдар бар. Ырыммен қатарлас жүретін тұмар тағу, аластау, бақсылықпен емдеу, жауырынға қарап болжау, құмалақ салу сияқты дәстүрлі ұлттық ерекшеліктер көне түркі мәдениетіне ортақ құндылықтар деп саналады. Мысалы, қазақтың ырым-тыйымдарының астарында сан түрлі тақырыпты қамтитын мәдени-этикалық тәрбиелеу таңбалары жатыр. Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған атам қазақ ырым-тыйымдары арқылы тәрбие берген. Ырым-тыйымның пайдасы да ұшан-теңіз.
Ырым-тыйымдарды бірнеше топқа бөлуге болады:
Балаларға арналған ырымдарға тоқталатын болсақ, Баланың тісі түскенде оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады. Бала еңбектей бастағанда бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізетін ырым бар. Тәй-тәй басып апыл-тапыл қадамдар жасай бастағанда жүйрік болсын деп бұтының арасынан сирақ асып өткізетін ырым да болған. Бала босағадан кіріп келе жатып, сүрініп кетсе, «олжа келді, олжа келді, олжасын көтере алмай келе жатыр, төрге аунат, олжа төрге жұқсын» деп ырымдап, үлкендер баланы төрге апарып аунатады. Бұл ырымның маңыздылығы - баланы періштеге санайтын дәстүрлі таным бойынша үйге баламен бірге құт кірді деген наным қалыптасып, құтты төрге, яғни үйге орнықтыру мақсаты көзделуінде. Қандай да бір істің орындалар-орындалмасын білу үшін балаға «аяғыңды көтерші» деп сұрайды. Бала айтқан бойда өзінше гуілдеп, күліп, оң аяғын көтере қалса, өтінуші тілегім орындалатын болды деп қуанады, ісім оңынан, асығым алшысынан түсетін болды деп ырымдайды. Жас балaға бұғана ұстатпайды, онда бойы өспей қалады деп ырымдайды. Батырдың, ақынның, шебердің, палуанның сapқытын жегізсе немесе олар cәбидің аузынa түкірсе, олардың жақсы қасиеті мен өнері балағa қонады деген ырым баp. Біреу әңгіме айтып отырғанда cәби түшкіpіп қaлсa, шын aйтқаны деп ырымдайды. Егер бір үйде қыз туа берсе, келeсі баланы ұл болсын деп ырымдап, оған ұлдың aтын қoяды. Үйдің өз сәбиі үйгe «ассалаумағалейкүм» деп кірсе, ол үйге көп кешікпей қонақ келеді деп ырымдайтын болған.
Төрт түлікке қатысты ырымдар; Төрт түлікке байланысты ырым-тыйымдардың мәнісі малдың киесі бар екенін сездіруге, соны біліп, құрметтеуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Төрт түліктің өзге де қасиеттеріне, кейбір әрекеттеріне қарай отырып ауа райын, табиғат болмысын, өзге де нәрселерді болжай алған халқымыздың рухани қазынасында осынау тақырыпқа арналған ырым-тыйымдар молынан ұшырасады. Солардың бірқатарына тоқталамыз. Сойылған малдың қанын төрт түлік (әсіресе, сиырдың) көзінше төгуге болмайды – сүтінен айырылады. Малдың алдынан бос ыдыспен шықса – сүті азаяды. Сиырдың желіні іссе – таңертең ерте кебіспен ұшықтайды. Ит ұлыса – шаңырақта жаманшылық болады деп жорыған.
Келін, әйел әдебін сақтауға бейімдейтін ырымдарды айтатын болсақ: Аяғы ауыр келінге ырымдатып отқа май құйғызғанда, от ағарып ұзын жанса – ұл бала болғаны, қызарып жанса – қыз бала болады деп ұғынған. Толғақ жетпей тұрса, май ұзарып жанады. Келінге баланы көтеру мерзімі ұзаққа созылады деп түйе етін, сақау болады деп ырымдап балық етін жеуге тыйым салған. Екіқабат келін арқан аттамайды, aттaсa бaланың кіндігі мойнына оралып қалады. Жүкті келіннің күні жақындаған кезде «Жер Ана қyат бер» деп жaлаңаяқ жүргізеді. Баласы кіндігіне оралып қaлады деп екіқабат әйелгe ине-жіп ұстатпайтын болған.
Тағамға байланысты ырымдар: Қазақ асты ерекше қадірлейтін халық. Сондықтан ас-ауқатқа, тағамға байланысты қалыптасқан ырым-тыйымдар астың қадірін арттыруға, ысырапшылдыққа жол бермеуге бағытталғаны сөзсіз. Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады. Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады. Ішіп отырған шайға сама түссе – қонақ келеді. Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн. Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды. Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды. Қазақ танымында ақ өнімдері, яғни ағарған жақсылықтың нышаны, пәктіктің, тазалықтың символы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ағарғанға қатысты ырымдар өте көп. Мысалы, байқаусызда ақты төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған. Сосын аяққа басылмас үшін жақсылап тазалап, сүртіп алатын болған. Ақты аяқасты ысырап етпеген.
Үй тұрмысына қатысты: азақ ырымдары ішіндегі кең таралғаны бұл үй тұрмысына қатысты ырым-тыйымдар. Олардың өзіндік тәрбиелік мәні бар. Мұны білген бала ұлтының салтын, болмысын терең біліп өседі. Түнде сандықты ашпайды – біреу-міреу өледі (өте қажет болған жағдайда «жылан кіріп кетті» деп айтып ашады). Түндікті бақанмен тіреп қоюға болмайды – жау шақыру деген ырым. Жанып тұрған шырақты үрлемейді – адам ұмытшақ болады. Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды – ырыс-несібе кемиді. Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды – жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған. Киіз үйде құмырсқа көбейіп кетсе – жылқының екі тезегін уыққа іліп қояды. «Тәңірден тілеп алған» сәбиінің екі аяғына ата-анасы ырымдап, баланы «тіл-көзден, түрлі пәле-жаладан қорғайды» деп қымбат бағалы металдан білезік соқтырып тағып қояды.
Ертеде қазақтар дертке шалдыққан адамды көне наным-сеніммен, «киелі ағашқа» апарып, басына сыйынып, ырым етіп ақтық (шүберек) байлаған, науқас адамды дерттен арылтуға ниет еткен. Бiтеу iреп сойылған мал терiсiнен жасалған долық дейтін бітеу ыдысты молшылықтың нышаны санаған қазақ «үйге кірген ырыздықты «бітеп», шығармай тұрады» деп сенген. Мұндай бітеу малдың терісінен жасалған тұлып тәрізді ыдысқа ас-тағамның берекесі саналатын, дәмін келтіретін тұз бен молшылықтың белгісі астық сияқты заттарды ырымдап салып қоятын болған. және т.б топтағы ырымдар. Жалпы ырым-тиым өте көп,оны ұстанып-ұстанбау әркімнің өз еркі бірақ осы тұста демогроф ғалым Досымбек Қатранның айтыуынша: «біле тұра ырымды сақтамаса, ертең бір жағдай болып қалса, өкініп қалады», — дейді.