Bugin
Алматыда ескерткіші жоқ
Сенат депуттары пленарлы отырыста Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту, сондай-ақ іс-шара бағдарламасын терең идеялық мазмұнмен байыту туралы премьер-министрге ұсыныс жолдады. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Келесі жылы мемлекеттік және қоғам қайраткері, ұлы ұстаз, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалаушы, түрколог, публицист, ақын, аудармашы, "Алаш" қозғалысының рухани басшысы, қазақ әліпбиінің атасы, ұлт мұғалімі, педагог, қазақ халқының маңдайына біткен Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толмақ", - дейді сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы.
Оның айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың алғашқы білім министрі. 1920-1921 жылдары елде жаппай ағартушылық саясатын бастап, қазаққа сауат ашуды үйреткен, алғашқы қазақ тіліндегі оқулықтарды жазған автор.
"Біз Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу, оған елордада және өзі қызмет еткен Қызылорда, Семей, Алматы қалаларында ескерткіштер қою қажет деп санаймыз. Сондай-ақ Сізден Қостанай облысы әкімдігіне Ахмет Байтұрсынұлының ауылына апаратын жолды жөндеуге тапсырма беруіңізді сұраймыз", - деді Алтынбек Нухұлы Сенаттың жалпы отырысында жариялаған депутаттық сауалында.
"ЮНЕСКО-ның шешімімен Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сатпаевтың мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілген еді. Әлихан Бөкейхановтың де мерейтойын осы деңгейде атап өтуіміз керек", - дейді депутат.