Bugin
Ашаршылықты зерттеу қазаққа қажет
Саясаттанушы, мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазақ тарихына қатысты даулы мәселеге айналған мәселеге пікір білдірді. Оның айтуынша, ашаршылық тақырыбын салқынқанды дерекпен дәлелдеп, факті мен санды нақты анықтау қажет. Бұл ойын ол Қазақпарат-қа берген түсініктемесінде айтты.
Депатут Айдос Сарым сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың "ашаршылықты саясиландырмайық" деген үндеуіне пікір білдірді.
"Мәулен Әшімбаевтың айтып жатқаны – ашаршылық тақырыбын тарихшылар, кәсіби қауымдастық зерттеп, соның нақты болған жағдайлары мен құрбандардың санын анықтау. Тарихтың бұл қасіретті кезеңіне толыққанды зерттеу жүргізу керек. Қазіргі таңда қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын жүргізіп жатыр. Оның негізгі жұмысы – ХХ ғасырда қазақ халқына жасалған үлкен қияметтер мен қылмыстарды әшкерелеу, ақталмай қалған тұлғаларды ақтау, Ашаршылық деректерін анықтау. Мысалы, ХХ ғасырдағы бірнеше рет болған аштықтың салдарынан қанша қазақтың қырылғанын әлі күнге дейін білмейміз. Тарихшылардың ішінде осы мәселеге байланысты ымыраның, конвенцияның жоқтығы – негізгі мәселені шектен тыс эмоцияға апарып соқтырып жатыр", - дейді Айдос Сарым.
Саясаттанушының айтуынша, мемлекеттік комиссия 11 жұмыс тобын құрған. Барлығына ҰҚК, ІІМ архивтеріне толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Осы материалдардың бәрі зерттеліп, сараланып болғаннан кейін ортақ ымыраға келу керек.
"Екіншіден, менің ойымша қазақ халқы ашаршылық тақырыбын біреумен есеп айырысу үшін пайдаланбайды. Ең алдымен, біз үшін аруақ алдындағы шаруа. Өйткені әлі күнге дейін көмусіз, атаусыз қалған адамдарды түгендеу мәселесі бар. Ел ішінде бұл тақырыпты зерттеп, айтуға, кино түсіруге, кітап жазуға ешкімге шектеу жоқ. Ең алдымен, ХХ ғасырмен есеп айырысатын үлкен гуманитарлық қадамды бастауымыз керек", - деді ол.