Білім және ғылым
Ахмет Байтұрсыновтың мақаласына ой толғау
ХХ ғасыр баспасөзінде дау тудырған мақаланың бірі - Ахмет Байтұрсынұлының "Қазақтың өкпесі" мақаласы. Жер, оқу-білім, ғылым мен ағартушылық мәселесін көтерген мақаланың өзегі әлі күнге дейін жойылмады.
«Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі... әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді...» деп жазады жазушы Мұхтар Әуезов.
Мұхтар Әуезов айтқандай, Ахмет Байтұрсынұлының өсиеті, өзінің үлгісі, біздің ойымызға салған пікірі қазақ халқындағы, қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Байқасаңыз, Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл шығармалары, өлеңдері, мақалалары халыққа жаны ашып, жастарды оқуға, білім-ғылымға шақырып, еңбек етуге, рухани дамуға шақырған.
Әр түрлі мәселеге арнап жазған мақаласы жетерлік. «Тағы да народный сот хақында», «Бұ заманның соғысы», «Қазаққа ашық хат» деген мақалаларында халқына жаны ашып, қазақтың ертеңін ойлап, халқына үндеу жіберген. Халықтың көзін ашамын, ұлттық санасын оятамын деп штраф – айып төлеген кездері де болған. Сол мақалалардың бірі «Қазақтың өкпесі» мақаласы...
Бұл мақалада не айтылған? Ахмет Байтұрсынов қазақ халқына не айтқысы келген? Сол замандағы өзекті мәселелердің бірі – ол жер мәселесі болған. Қазақтың кең-байтақ жері ол ұлттың мүддесі, мемлекеттік қазынасы. Байтұрсынов қазақтың жерді жеке меншікке алуға әлі дайын емес екенін аңғарып, жерінен айырылып қалмауды ескерткен.
Бірақ Патша өкіметі қазақтың аңғалдығын пайдаланып, жақсы шұрайлы жерді өзіне алып, қазақтарды құнарсыз жерге ығыстырды. Содан қазақтар шұрайлы жерінен айырылып, тұрмысы нашарлады. Оның үстіне, ашаршылық төніп тұрған заман.
Сонда Ахмет осы болып жатқан қиыншылықтан шығудың амалын, адамды қор қылатын жалқаулық, надандық сияқты қасиеттерден арылып, сауатсыздықты жою туралы пікірін білдіргенде Ахметті ешкім елемеді. Бірақ «Қазақтың өкпесі» адамдарды елеусіз қалдырмады, жай да болсын халықтың көзі ашылды, сауаттылыққа бет бұрып, көздері ашылуына үлкен себеп болған.
«Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. Сонда да, соны ғылым, өнерден артық көреміз. «Аллаңнан ойбайым тыныш» дейтін қазақ, ғылымыңнан надандығын тыныш көреді. Не шара бар?» деп іші күйген Ахмет өзінің мақаласында халықты білімге, ғылымға, мәдениет пен өнерге шақырады.
Бұл мақалада қазақтың жер мәселесі туралы айтылса да, қанша қазаққа жаны ашыған Ахмет бұл мақаланы «қазақ халқына қарсы жазылған мақала» деп айтып өткен. Неліктен? Өйткені азақтың осындай жағдайда болғанына, ғылымнан надандықты артық көріп, ғылым мен өнерді керек қылатын қазақтың аз екеніне іші күйінген.