Bugin
Бүлдіршіннің үлкені – 6 жаста, еш кішісі – сегіз айлық.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңатас қаласында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
"Бүгін бүкіл елді есеңгіреткен қайғылы оқиға болды. Жаңатастағы үйлердің бірінен өрт шығып, бес бірдей бейкүнә бала ажал құшты", - деп жазады облыс әкімі Facebook-тегі парақшасында.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Оқиға орнына облыс прокуроры Н. Әбдіров, Полиция департаментінің басшысы Ж. Сүлейменов, ТЖД басшысы Е. Момбаев аттанды.
"Қара жамылған отбасыға қажетті психологиялық, материалдық көмек көрсетілуде. Мәселе менің жеке бақылауымда.
Көз жұмған балалардың жақындарына Алла Тағала сабыр берсін. Қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын", - дейді Сапарбаев.
Айта кеткен жөн, кеше Жаңатас қаласында қайғылы жағдай орын алған. Көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерінен өрт шығып, бес бірдей сәби өлім құшты. Оттан алып шыққанымен, ауруханаға жетпеді. Бүлдіршіннің үлкені – 6 жаста, еш кішісі – сегіз айлық.