Bugin
Өмірдің ақ-қарасын ұғына қоймаған, жүрегі мейірім мен тазалыққа, арман мен шынайы қуанышқа толы кез келген балақайдың бала күнгі ойыны болашақта атқаратын қызметі туралы болмақ
Адам мамандық пен жар таңдаудан қателеспеуі керек. Өйткені бұл екеуі алмастыра салатын көлік немесе киім емес. Алдағы уақытта көретін жарығыңның бір бөлшегі. Сондықтан саралап, ақылға салып, «Ата-анам осы мамандық бойынша оқы» деді екен деп немесе «Грант осы мамандықта көп екен» деген оймен емес, жүрек қалауыңызға, қабілетіңізге қарап таңдағаныңыз дұрыс.
Балалардың, соның ішінде қыз баласының жартысы «Өскенде кім боласың?» деген сұраққа «Мұғалім» деп жауап береді. Алайда мектеп бітіремін дегенше осы жартылық 25-30 пайызға азая түседі. Неге? Өйткені бір сыныптағы отызға тарта оқушыларды оқыту, бір үйдің балаларындай тәрбиелеу оңайға соқпайтынын өсе келе сол жартылық түсінгендей болады. Бірі елдің сотқар баласымен басын қатырғысы келмесе, енді бірі үлкен жауапкершілікке дайын емес екенін сезеді. Иә, рас. Ұстаз болу оңай емес. Ұстаздың да ұстазы болады, шәкірттері әр күн сайын сағына күтетін, бірер күн жандарында болмаса бала көңілмен, шынайы қуанышпен қарсы алатын, отыз оқушыны өзі дүниеге әкелгендей жақсы көретін. Осындай ұстаз болуға дайындары алғашында ойға алған шешімін өзгертпейді.
Ал ер балалар қатары көбіне әскери қызметкер болуды армандайды. Үстінде арнайы әскери киімі бар, бойшаң, түр-сипаты салмақты. Арманын ойлағанда өздерін осындай бейнеде елестеді. Бала көңілді бүлдіршіндерді бұл саланың қиыншылығы әзірге қызықтырмайды. Себебі бұл мамандықты таңдаған сәттен бастап кез келген уақытта өз өміріңді қатерге тігуге дайын болуың керек. Антына адал әскери болу да маңызды. «Бүгін кім жол ережесін бұзады екен?» деген оймен жұмысқа бармаңыз. Керісінше, «Жолдан зардап шеккен адам болмаса екен» деген тілекпен таңды атырыңыз.
Классикалық үлгіде киініп, көгілдір экранның арғы жағында отырып бүгінгі жаңалықтармен бөліскісі келетіндер де жоқ емес. Иә, журналист болғысы келетіндер. Бұл мамандықты көпшілігі екі бағытта көреді. Олардың көзінше сіз не жаңалық жүргізіп отырасыз, не ыстыққа да, суыққа да қарамай репортаж түсіріп жүресіз. Десе де бұл мамандық сан қырлы. Қалауыңыз бен қабілетіңізге қарай бір бағытты таңдайсыз, бір бағыттың маманы боласыз.
Бала шақтан болашаққа деген жол тым ұзақ көрінгенімен уақыт жылдам. Сол уақыт көшіне ілесіп жүруге талпынуымыз керек. Шынайы арман мен нақты мақсат сіз қалаған маман иесі болуға жетелесін. Арманға апарар жолдан адаспайық!