МӘДЕНИЕТ
Әдебиеттегі "жастық шақ" туралы жырлар
"Студенттік шақ"
Не біліп келдік қалаға,не біліп келдік?!
Елең де алаң күй кешіп емініп келдік.
Ұйықтап қалып сынаққа ең соңғы, сосын
Енбей қап ішке есіктен,егіліп көрдік!
Қойылар сол бір біздерге сұрақ үш рет,
Сұрағысы кеп мүмкіндік сұрағысы кеп
Бас изеп ұлдар тұратын үнсіз тақтада
Бас изеп қыздар тұратын жылағысы кеп!
Уақыттың бәрін бақытты сәттерге балап,
Қаңғыдық талай жағылып беттерге далап.
Қайтамыз алып бағасын биік ұстаздың,
Айтамыз сабақ , алайда , дәптерге қарап!
Ғашық та болдық,(енді аздап жасық та болдық),
Абырой бермей бір кезде асыққан ерлік.
Қабақтарынан қорқатын талай ұстаздың,
Сабақтарынан сан рет қашып та көрдік!
Тайпалтып талай тұлпарды жорға мінезі,
Түспейтін кейбір сұлулар қолға бір өзі
Қыз ұлға ғашық,ұл қызға ғашық-дәурен-ай,
Не бітіргенбіз осыдан басқа сонда біз өзі?)
Жасаған сол бір титтей де "қылмысқа" ашынып,
Өтердей осы өмірді тым қысқа сүріп
"Қалай біз оны қаратамыз" - деп жүргенде
Талай қыз кетті содан соң тұрмысқа шығып!
Қойғанда қазір тірлік пен жеке алып елді!
Тастадық артқа ауылды және жотаны,белді.
Кеш түсінгеніме отырмын үнсіз бас изеп
"Өмірлік сабақ" пәнінен ЕКІ алып енді!
*******
Бала күнімде әжем маған 《Балқан таудың басында " деген жырды көп айтатын!
"Апама"
Жаз орнаған ол кезде көктем көшіп,
Апам қайтқан,
бұл күні кеткем-ді өсіп.
Алғашында алдайтын үлкендер жақ:
"Апаң алыс сапарға кеткен десіп"
"Апам алыс сапарға кетті ме екен?"
"Кетті ғой деп" маңдайдан өпті көкем...
Айбек молда айтатын аңыз қылып-
етті ме екен,білмеймін,көкті мекен?!
Көп сауалға көргенмін бас қатырып,
Қарайғанша жол тосып,босқа тұрып.
Сұрай алмай ешкімнен жүретінмін,
Жылай алмай жанарға жас та тұнып!
Көңілдегі қайғы-мұң күрт тиылып,
Кенет мені тұрды ойым сыртқа үйіріп.
Жан азасын тартпай-ақ,ойын соқтым,
Жаназасы шыққанда жұрт жиылып!
Ойнап кеттім неліктен,дос ертпегем?!
Келмеді апам...содан күн еш өтпеген...
Түндер өтіп,ояндым таңда жалғыз,
Жалғыз жатып кешкісін төсекке мен!
Қызық көріп жүре ме,
дерттен ада,
көршідегі әзілдеп көптен атам:
"Бір немере тауып ап басқа- дейтін,
Балқан таудың басына кеткен апаң"
Қамшы ғұмыр,шынымен,келтемісің?
Өмір сүрем мені енді ертең үшін!
Басқа бір балаға айтып отыр ма екен,
Балқан таудың басында ертегісін!?
Қайран әжем...
*******
«Қала»
Қыж-қыж қайнап қу тірлігі не түрлі,
Қала мынау қазан іші секілді.
Қызметін атқарады ел,
ал менің,
Қайдағы ойлар қадірімді кетірді.
Айдары да көлігінің арқырап,
Жүргізуші көрсе болды қалтырап.
Пагоны бар полицей де тұр әні,
Жұлдыздары иығында жарқырап!
Әні де емес,үні де емес Шәмшінің,
Бәз біреуді тыңдап тұрмын дәл шыным!
Радиолар айтып жатыр есімін,
Жарнамасын іліп жатыр әншінің.
Кетсем бе екен сонау тұрған әнді үзіп,
Кетсем бе екен жол туралы заң бұзып?!
Жыр оқысам сол мезетте айқайлап,
Жынды деуі мына жұрттың заңдылық!
Көрінбейді,көрінсе егер бөсер ем,
Ішімізде жүретіні-ай,осы өлең!
Содан соң ғой,айта алмайды мені ешкім,
Ақын өтіп барады-деп көшемен!
Жақсылық Асқарбек