МӘДЕНИЕТ
Өтеген батыр – қазақ-қалмақ соғысының ең белгілі батырының бірі
«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деп жырлайтын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығында елдік, бірлік, татулық, Отанға деген сүйіспеншілік сынды тақырыптар үлкен орын алған. Бұған дәлел ретінде Жамбылды эпикалық жырау ретінде танытатын «Сұраншы», «Көрұғлы», «Саурық» атты жыр-дастандарын тілге тиек ете аламыз. Осындай бізге жеткен құнды шығарманың бірі – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны.
«Өтеген батыр» жайлы сөз етпес бұрын, Жамбыл жырының бір қасиеті – оның бас-аяғы жинақы, төгіліп айтуға ыңғайлы болып келуін айта кеткенім жөн болар. Жырдың халық арасында көп таралу себебі де осы сыңайлы.
Өтеген батыр кім?
Өтеген батыр – қазақ-қалмақ соғысының ең белгілі батырының бірі, ел арасында аңызға айналған адам. Бұл туралы Жамбылдың «Ауызында халықтың, Аңыз қалды өлместей» деген жыр шумақтары сөзімді тірілте түскендей. Аталған дастанның үш нұсқасы берілгенімен, оларды салыстыруды мақсат тұтпадым. Өтеген батырдың батырлық тұлғасы мен ерлігін сөз етпекпін.
«Жолбарыстай қарулы, Қырандайын қырағы, Арыстандай айбарлы», «Жан еді қос мүйізді» деп көкке көтере жырлаған Жамбыл Жабаев осы ретте, «Өтеген батырдың» тұлғалы бейнесін ашып көрсеткендей. Еске салсақ, атағы әлемге тараған патша Ескендір Зұлқарнайынды «қос мүйізді» деп көтермелеп, аңыз етіп айту бұрыннан баршылық. Ерін сүйген елдің де Өтегенге осындай қасиетті жиып бергеніне қарап, халықтың көз алдындағы «Өтеген батыр» бейнесін байқамасқа болмас.
Мені таң қалдырғаны жырдағы:
«Ақ жағалы, жез топшы,
Патша жорық ашуда.
Дүре соғып дүрілдеп,
Бүлдірген елді біріндеп,
Атуға да, асуға» деген шумақтар. Осыдан үш ғасыр бұрынғы аласапыран уақыттың себепкері-қалмақ-жоңғар шапқыншылығы еді. Алайда, жырда он сегізінші ғасырда қазақ халқының ата жауы ретінде жоңғарларды емес, патша билігін жырлауының өзінде бір саяси астар барын байқадым. Жамбыл: «Қайғыға халық түсерін, Патша алдында бас иіп, Хандардың ант ішерін» деп кейінгі дәуірдің ащы шындығын «Өтеген батыр» сезгендей жыр етеді. Шын мәнінде, бұл Жамбыл Жабаевтың позициясын, сол кезеңді бейнелеп, ашып көрсеткендей әсер қалдырады.
Жырдың негізігі идеясы-Өтеген батырдың патшалық биліктен зәбір көрген халқын Жетісудан көшіріп, алып кетуге жайлы жер іздеуі. Тарих қойнауын ақтарсақ, жер жәннаты-Жетісу жері үшін қазақ-жоңғар арасындағы толасыз талас-тартыс алты Алашқа мәлім. Жырда да: «Жетісу қазақ қонысы ед, Мамығы майда оралған,
Күндер болған бір кезде,
Сол жер қанға боялған...
Ұрыс, қағыс болған кез,
Қырғыз, қазақ, қалмағы» деп Жетісу жері үшін болған қанды қырғын сөз етіледі. «Патшаны жау»-деп көрсеткені болмаса, оқиға желісі қазақ пен жоңғар шайқасына негізделгені айдан анық.
«Мен табамын, табамын...
Жұт болғызбай, құт қонған,
Қой үстінде бозторғай,
Жұмыртқалап бақ қонған,
Сүйікті қазақ халқына,
Ұнап жатқан жерлерді»,-деген жыр шумақтарынан Өтегеннің қайсар, өжет мінезі мен бойындағы патриоттық сезімін аңғарсам, екінші жағынан, Жерұйықты іздеген «Асан қайғыны» есіме түсірді. «Асан қайғы» мен «Өтеген батырдың» жайлы қоныс іздеуі- көзіме халықтың қайғы мен қасіреттен қабырғасы сөгіліп, қысымшылық пен жоқшылықтан шаршағанда ерік берген қиялы сынды көрінді.
«Әлемнің төрт бұрышына жетіп, шаратарапты шарлаған Өтеген батырдың сан қилы соқпақ жолында айдаһар, әбжылан, жезтырнақтың кездесуі ертегі сықылды бейнеленгенімен, түпкі мақсат-батырдың жайлы жер іздеудегі жолында көп қиындық көргендігін, қауіпке толы күндерін астарлап жеткізу»-деп түсіндім. «Ақын «Мен халқымды сүйемін, Оған қоныс табармын» деп Өтеген батырға айтқыза отырып, батырды ел қамын жеген, ерекше туған жан ретінде бейнелеп, оны –батырлықтың, ержүректіліктің, жігерліліктің символы ретінде көрсетуге тырысқан»- деген ойдамын.
Батырдың Жиделібайсын жеріне жетіп: «Жылқыға жайлы емес»,-деп салы суға кетіп, күрсініп елге оралуы, есіме: «Әркімнің өз жері-жұмақ» деген мақалды түсірді. Расында да, жер жәннаты болса да, соңында айналып өз қазығыңды табасың. Бәлкім, «туған жердей-жер болмас» деген де осы шығар.
«Сөзі-жалын, домбырасы-найза» – Жамбыл Жабаевтың ұлағатты тәрбиелік мәні зор, жеріне жеткізе бағалаған толымды еңбектері жетерлік. Әлі де болса, ақын, жырау Жамбыл қалдырған рухани мұраның мазмұнына терең бойлап, мән-мағынасын айқын аңғармай келеміз. «Ұлы жыраудың қазақ поэзиясын биікке көтерер шоқтығы биік шығармаларына назар аударып, қазақ халқы үшін рухани маңызын көрсете білуіміз қажет»- деп санаймын. Ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлы тұлғаларды ұлықтауда кемшіліктерге жол бермеуіміз қажет!