Қазақстан жаңалықтары
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңі басталғанын хабарлады
Өтініштер 22 ақпаннан 15 наурызға дейін қабылданады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
2017 жылы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын ұсынды. 2021 жылы жобаның төртінші кезеңі жалғасын таппақ. Жобаға елде және елден тыс жерлерде тұратын қазақстандықтар қатыса алады. Қатысушылардың өтініші келесі 7 номинация бойынша іріктеледі: медицина, білім беру, ғылым және инновация, экология, мәдениет және спорт, бизнес, қоғам.
Қатысу үшін үміткерлер жобаның ресми сайтындағы сауалнаманы толтыру қажет. Барлық өтініш модерациядан өтеді, кейін сайтта жарияланады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бүкілхалықтық онлайн дауыс беру басталады. Сондай-ақ, өтініштердің белгілі бір бөлігі танымал қоғам және мәдениет қайраткерлері, спорт, бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына ұсынылады. Оған қоса осы жылдан бастап өткен маусымдардың жеңімпаздары қазылар алқасының құрамына енеді.
Дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинаған және қазылар алқасының таңдауына ілінген қатысушылар ағымдағы жылдың сәуір айында жоба жеңімпаздары атанады.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері өтіп келе жатқан «100 жаңа есім» жобасы бойынша үш жылда 6 мыңнан астам азаматтан халық таңдаған 163 тұлға анықталған. Әскери журналист Назгүл Кенжетай мен ақын Мақпал Мыса «100 жаңа есім» жобасының 2019 жылдағы жеңімпаздары атанған.
Назгүл Кенжетай, әскери журналист:
Өзендей ағып, жоқ болып кеткен бір мемлекет көрдім. Босып кеткен халықты көрдім. Байрағы жерде тапталған ел көрдім және сол байрағын қорғай алмаған ер көрдім. Осының бәрін көрдім және қолымнан келгенше әлемге көрсетуге тырыстым. Барша отандастарымды қолда бар алтынның қадірін білуге шақырамын.