Экология
Жануарлардың қатысуымен болатын жол апаттары барлық елдер үшін өзекті мәселе. Күн сайын адамның да, жануардың да өміріне қауіп төндіретін апаттардың мыңдағаны тіркеледі. Ал мәселенің шешу жолының бірі ретінде экодуктар тиімді бола алады
Экодук – жабайы аңдар автокөлік жолдары мен магистральдардан өту барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы құрылыс түрі. Кең таралған экодук түрлеріне көпірлер, жерасты жолдары жатса, орналасқан аймағы мен мақсатына қарай су құбырлары, жер үсті көпірлері де экодуктар қатарын толықтырады.
Ең алғашқы экодуктар 1950 жылы Францияда пайды болды. Осыдан соң бұл қауіпсіз экожолдарды ұйымдастыру идеясы Нидерланды, Германия, Швейцария секілді елдерде дами бастады. Алайда жануарлардың экодуктарды пайдалануы үшін біраз уақыт қажет. Оның барлығы, әрине, ғалымдар мен арнайы мамандардың бақылауында болады. Мысалы, Канаданың Банф саябағындағы 44 экодуктан жануарларлар150000 рет өткендігін зерттеушілер 15 жыл бақылаған.
Экодуктардың қандай түрлері бар?
Экодук сапалы әрі сәтті салынуы үшін жануарлардың ерекшелігіне, жаратылысына аса үлкен назар аударылады. Мысал ретінде жарғанаттарға арналған экодуктарды алуға болады. Бұл экожолдар жарқанаттардың эхолокация секілді өзгешелігін ескере отырып, көпірлерді ағаш шарбақ ретінде соғады, және соның арқасында жарқанаттар биік ұшып, жүк көліктеріне соқтығысудан аман қалады.
“Рождество” аралында тіпті теңіз шаяндарына арналған экодуктар бар. Көбею кезінде қоныс аударатын теңіз шаяндары автокөлік астына түсіп жатады. Жергілікті теңіз шаяндарының популяциясын сақтауды мақсат ете білген экологтар арнайы экодук ойлап тапты.
Экодуктар салу елімізге қаншалықты қажет?
Қазақстанда жануарлар қатысуымен жантүршігерлік жол апаттары болатыны белгілі. Мысалы 2018 жылы 3-қыркүйекте Мақаншы-Жалаңашкөл автожолында, сол айдың бесі күні Бахты-Таскесен автожолында ауыл маңындағы жылқылар автокөліктермен қақтығысып қалды. Екі жағдайға да байланысты, жайылым иелері жазаға тартылды.
Осындай мәселелерді көзімізбен көрген соң, бізге де экодуктартың қажеттілігі бар екені айдан анық байқалады. Осы орайда 2013 жылы Қарағанды облысы әкімдігі экодук соғу ісінде көмек көрсететіні туралы жаңалық шыққан болатын. Дала қырандары, ақбөкен, тырна секілді Қызыл кітапқа енген жануарлардың популяциясы Қазақстан экологтары мен Қарағанды облысы әкімдігін алаңдатқан еді. Алайда елімізде әлі күнге дейін бірде бір экодук салынбады.
Табиғатымыздағы тепе-теңдік пен әділеттілікті сақтау үшін жануарлардың өміріне аса мән беру өте маңызды. Ал осыншалық дамыған заманда қарапайым экодук секілді құрылыс түрінің елімізде болмауы ойланарлық жәйт.