Әлем жаңалықтары
Америкалықтар 5 күн аза тұтады
АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандарды еске алу мақсатында 5 күн аза тұту жарияланды. Елдің федералды және әскери нысандарында мемлекеттік ту төмен түсірілетін болады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды
Ел президенті Джо Байден 22 ақпан күні коронавирус індетінен көз жұмған АҚШ-тың 500 мың халқын 1 минут үнсіздікпен еске алып, отандастарын пандемиямен бірлесіп күресуге шақырды.
«Бүгінде еліміз ең ауырз кезеңді бастан кешіріп отыр. Індеттен 500 071 адам қайтыс болды. Пандемияның бір жылында ажал құшқан америкалықтар саны Бірінші дүниежүзілік соғысты, Екінші дүниежүзілік соғысты және Вьетнам соғысын қоса алғандағы санынан да көп», – деді ол.
Президент сөз сөйлегеннен кейін вице-президент Камала Харис, бірінші ханым Джилл Байден және екінші джентльмен Даг Эмхофф Ақүйде бір минут үнсіздікте болды.
Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, пандемия басталғалы АҚШ-та 28 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Індетке шалдыққандардың 500 мыңнан астамы қайтыс болды.
Ал әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 111,7 миллионға жетті. Қатерлі вирус 2,5 миллионға жуық адамның өмірін жалмады.