Қазақстан жаңалықтары
Еліміздің 276 аймағында табиғат апаты болуы мүмкін
Қазақстанда 276 елді мекенді су басу қаупі бар. Онда 270 мыңнан аса адам тұрады. Бұл мәліметпен төтенше жағдай министрі Юрий Ильин бөлісті. Ол солтүстік және орталық өңірлердің әкімдіктері елді мекендерден қар шығару жұмысын жандандыруы қажет екенін атап өтті. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
"Су басу қаупі бар аймақта ел бойынша 276 елді мекен қалып отыр, бұл 270 мыңнан астам адам. Оларды су тасқынынан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілді, оны іске асыруға республикалық (131,6 миллиард) және жергілікті бюджеттерден (28,6 миллиард) 160 миллиардтан астам теңге бөлу жоспарланып отыр", - деді министр.
Айтуынша, былтыр желтоқсанда Жол картасын іске асыру аяқталды. Республикалық (21,6 миллиард) және жергілікті бюджеттерден (20,3 миллиард) шамамен 42 миллиард теңге жұмсалды.
"Бұл ретте, бүгінде республика бойынша судың жайылуына бейім 482 автомобиль жолының учаскесі және алты жүзден астам теміржол учаскесі (673) бар. Бүгін су тасқыны кезеңіне толық дайындық туралы айтуға әлі ерте. Күннің күрт жылынуы, қардың қарқынды еруі, сондай-ақ мол жауын-шашын жағдайында елді мекендерде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін", - деді министр үкімет отырысында.