Білім және ғылым
Білім
Ағылшын тілі – жаһандық тіл. Елбасы атап өткендей, алдыңғы қатарлы ел болуымыз үшін, ағылшын тілінің мәні зор. Қазіргі таңда, жастарымыздың ағылшын тіліне деген құлшынысы жыл сайын артуда. Бұл – көз қуантарлық жайт.
Шет тілін білу сән емес, заман талабы екені белгілі. Туған тілді жетік меңгеруді, қастерлей білуді мақсат етіп қою керек. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты болуға, тіл үйренуге талпыну керек. Бұл – тұтас ұлт болашағының жарқын болуының кепілі.
«Қанша тіл білсең сонша адамсың» деп А.П.Чехов бекер айтпаса керек. Яғни, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ. Күннен күнге қарыштап жатқан жаңа технологияларды игерудің ең бірінші жолы – тілді меңгеру.
Ағылшын тілін жетік білу, жаңа әлемнің есігін ашып береді. Ағылшын тілінің сізге сыйлайтын 5 үлкен мүмкіндігін білгіңіз келе ме? Мүмкін, осы ақпараттар сіздің тілге деген сүйіспеншілігіңізді арттырар.
1.Жаңа ақпаратқа қол жеткізу:
Қазнеттегі ақпарат жеткіліксіз. Ал орыс тілді ақпараттарға қарағанда ағылшын тілді мәліметтердің күші орасан. Мысалы, 2017 жылғы статистикаға сүйенсек, ағылшын тіліндегі сайттар – 51,3%, орыс тілді сайттар – 6,7%. Қазақ тіліндегі сайттардың үлесі уақыт өте артып келе жатыр. Сонымен қатар, Видео контенттің негізін қалаған YouTube желісі арқылы ағылшын тілінің басымдылығын аңғаруға болады.
2.Фильмдердің түпнұсқасын қарау:
Фильмдерді түпнұсқасында қарау арқылы сіз оны шынайы сезіне аласыз. Ал, аудармалар сапалы болмаса, фильмнің негізгі идеясын жеткізе алмайды. Егер тікелей қарау қиынға соқса, бастапқы уақытта жүгіртпе (субтитр) арқылы қараңыз.
3.Еркін саяхаттау мүмкіндігі:
Ағылшын тілі әлемнің 59 елінде ресми тіл ретінде қабылданған. Ұлыбританиядан бөлек, АҚШ, Канада, Австралия, Үндістан секілді ел тұрғындары ағылшын тілінде сөйлейді. Ағылшын тілін тез меңгеріп алсаңыз, саяхаттау барысында сіз ойыңыздағыны тез түсіндіріп, мейрамханада еркін тамақтана аласыз. Өзге елден келген туристтермен сөйлесіп, әлем мәдениетін терең меңгере түсесіз.
4.Әндердің сөзін түсіну:
Ағылшын тілін жетік меңгеру арқылы тыңдайтын шетел әндерінің мағынасын еркін түсіне бастайсыз. Сайттарда жарияланған аудармасын оқи салу бөлек, ал, тыңдау арқылы түсіну – мүлде бөлек сезім.
5.Жұмысқа орналасу мүмкіндігі:
Ағылшын тілін меңгерсеңіз, бұл сіздің болашақта жұмысқа орналасуыңызға септігін тигізеді. Ағылшын тілі сұранысқа ие. Сонымен қатар, көптеген компаниялар шетелдік серіктестермен жұмыс жасайды. Әрине, ағылшын тілінде сөйлейтін маманның құндылығы арта түседі.
Тілдерді үйренуге деген қызығушылық – адам бойындағы ең қызықты қасиеттердің бірі. Сондықтан, уақытыңызды текке жіберіп алмаңыз.