МӘДЕНИЕТ
Қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрінің бірі – “Қыз ұзатуға” байланысты Күләш Ахметова апамыздың өлең жолдарын ұсынамыз
Үйіңнен туған ұл-қызды талай өргізген
Ұзайсың, қалқам, кетесің енді сен бізден.
Толқытып түгел ағайын, бауырларыңды,
Идіріп төсін анаңның ақ сүт емізген.
Қабыл да болсын ананың аппақ тілегі,
Әлпештеп сені еркелетуші еді үнемі.
Аққуым еді, ақ гүлім еді деп бүгін,
Езіліп отыр ағаңның сыздап жүрегі.
Ұяңнан ұшып барасың енді жаңа үйге,
Өз үйің ол да, өз ұяң ол да, әрине.
Қарсы алып жатыр баршасы, міне, қуанып,
Алдыңнан шығып, үлкен де, кіші, сәби де.
Ұғарсың әлі кімнің кім, ненің не екенін,
Сағынар сені жеңгелерің мен мекенің.
Бақытты болып сағынып келіп-кетіп те
Жүріңдер бізге еркелеп енді екеуің.
Аппақсың, сенен ақ емес, жаным тіпті ақ қар.
Ақ көңіліңмен өмірдің жүгін мықты атқар.
Сен өскен үйде жақсылық қалсын, бақ қалсын,
Барған жеріңе қуаныш боп бар, құт боп бар!
Күләш Ахметова