Bugin

Алматыда 1 апта қыдырғанға қанша теңге кетеді?

Оңтүстік астанамыздың көрікті жерлері көп. Табиғаты әдемі екені баршамызға аян. Ал осы сұлулықты 1 апта тамашалау қанша теңгені құрайды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ең алдымен паналайтын орныңызды анықтап алайық. Егер қонақ үй жалдасаңыз, бір адамға 1 аптаға 50-100 мың теңгенің көлемінде шығады. Пәтер жалдасаңыз да шығын сол шамада болады.

Күнделікті тамақтануыңыз бен жол ақысына шамамен 30 мың теңге кетеді. Егер қоғамдық автобустармен жүретін болсаңыз, «Оңай» картасын сатып алуға кеңес беремін. Себебі картасыз жол ақысы 150 теңге құрайды.  Ал картамен 80 теңге. Оны «Караван» дүңгіршектерінен 500 теңгеге сатып аласыз. 

Енді демалу орындарын аралайық...

Алматыға келген әрбір туристің ең бірінші баратын жері, әрине, Көк-Төбе. Көк-Төбеде түрлі артракциондар, көрмелер, шағын зоопарк және ең бастысы әдемі көрініс бар. Иә, расында Көк-Төбеден Алматы алақандағыдай көрінеді. Бұл паркті аралау үшін көп қаржы керек емес. Тек жолға ақша төлейсіз. Егер аспалы арқан жолмен келсеңіз, адам басына барып-қайту 2000 теңге, ал Көк-Төбе маршрутымен келсеңіз, 600 теңге кетіресіз.

Медеу және Шымбұлақ. Алматының бұл көрікті жеріне жету үшін «Қазақстан» қонақ үйінің аялдамасынан 12 нөмірлі автобусқа мінесіз. Сөйтіп ең соңғы аялдамадан түсіп қаласыз. Дәл алдыңыздан «Медеу» мұз айдыны көрінеді. Кейін кассаға барып сырғанауға билет аласыз. Конькиіңіз болмаса, сол жерден оны да жалға аласыз. Билет құны 1000 теңге, конькиді жалға алу да 1000 теңге.  Ескерту «Медеу» мұз айдыны сеанстарға бөлініп жұмыс жасайды. I СЕАНС (11:00 – 14:00), II-III СЕАНС (15:00 – 18:00; 20:00 – 23:00).

Ал, Шымбұлақтың шыңына арнайы аспалы арқан жолдармен шығасыз. Ол үшінде билет сатып алу қажет. Аспалы арқан жолымен көтеріліп түсу 1 адамға 5000 теңгеге шығады. Сіз шаңғы немесе сноуборд тепкіңіз келсе, оған арнайы саймандарды, киімдерді жалға аласыз. Олар шамамен  8500-10000 теңге көлемінде болады.

28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы. Бұл саябаққа бару тегін. Есесіне таза ауамен тыныстап, біраз жаяу жүріп, керемет демалып қайтасыз. 

Ботаникалық бақ. Жерінің аумағы 104 гектарды құрап жатқан бұл баққа кіру құны бар болғаны 500 теңге. Бас ботаникалық бақта жергілікті және басқа жерлерден әкелінген өсімдіктердің 5,5 мыңдай түрлері мен сорттары (оның 100-ге жуық түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енген) бар. Алматыға барсаңыз, міндетті түрде, ботаникалық баққа барыңыз.

Міне, мен Алматының ең көрікті жерлерін тізіп бердім. Бұл тізім әлі аяқталмады.

1 апталық саяхатымызға, тұрақтайтын орын мен азық-түлікті есептемегенде 20-25 мың теңге жұмсалады. Егер өзге де жерлерге барып, жақындарыңызға базарлық алғыңыз келсе, артық ақша ала келіңіз.

Сапарыңыз сәтті болсын!