Денсаулық
Нұр-Сұлтанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біздің арамыздағы батырлар» атты дәрігерлердің бірегей энциклопедиясын жасаудың жаңа жобасы таныстырылды
Іс-шараға ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. Бұл туралы Bugin.kz платформасы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы өз сөзінде "бұл жобаның өте маңызды екенін және еліміздің барлық медициналық қауымдастығы үшін өте бағалы" екенін атап өтті. "Бұл қазақстандық қоғам үшін әр саладағы барлық маманға құрмет көрсету мүмкіндігі" деп мәлімдеді.
«Майдан шебінде көзге көрінбейтін жаумен шайқасқан ең мықты дәрігерлеріміздің жанқиярлық еңбегінің энциклопедиясы - бұл біздің халық атынан білдіре алатын алғысымыз бен құрметіміздің аз ғана бөлігі», - деді министр.
«Бүкіл әлемді әбігерге салған жаһандық қауіп-қатерге қарамастан, медицина қызметкерлері өз кәсібін адал атқарды, өте қиын кезеңде пациенттердің өмірін сақтап қалуға күш салды. Қазақстандық дәрігерлер пандемиямен күреске үлкен үлес қосты және әлі де азаматтарымыздың денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жатыр. Олардың ерлігі болашақ ұрпақтың жадында қалатынына сенімдімін. Осы кітаптың беттеріндегі тарих Қазақстан халқын біріктірген құндылықты еске салады», - деп қосты Цой.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Батырлар арамызда жүр!” атты дәрігерлерге арналаған кітап әзірленді. Басылымның мақсаты - медицина қызметкерлеріне құрмет көрсету, сондай-ақ пандемия кезінде “Біз біргеміз!” деген ұранмен азаматтардың денсаулығын сақтауда алдына жан салмаған дәрігерлердің ерлігін ұлықтау.