Сұқбат
Туяков Бекнияз Қанатұлы – Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласының 11-сынып түлегі. Жас кәсіпкер. Bookhouse.kz интернет дүкенінің негізін қалаушы.
Бекнияз Қанатұлы кітап сату кәсібімен айналысады. Кәсіпкерлікке бала кезден құштар болған.
Бекнияздың айтуынша «Бала кезімде әзіл айтып, сол әзілдеріме ақша алатынмын, кейін өсе келе көл жағасында бәліш сатып алғашқы табысымды таптым. Содан 9-сынып оқып жүргенде бизнеске деген қызығушылығым артып, осы туралы іздене бастадым. Неше түрлі кәсіптік кітаптар оқыдым, белгілі табысқа жеткен адамдармен кездестім. Дегенмен жинаған білімім кәсіп ашуға жеткіліксіз болыпты. Себебі сол уақытта ашқан 2 кәсібім де мәресіне жетпей, құлаған. Бірақ бұл жағдайға берілмей, ізденісімді тоқтатпай, білімімді әрі қарай жетілдіре бердім.
Сөйтіп бір күні кітап оқып жатып, ойланып кеттім. Үшаралда ешқандай кітап сататын орталық жоқ. Кітап алу үшін басқа қалаға тапсырыс беру керек. "Неге кітап сататын дүкенімді ашпасқа?" деген ой туды. Енді осы кәсіп жайлы ізденіп, зерттей бастадым. Кәсіпті ашамын деп тәуекел жасап, анамнан 10 000 теңге алдым. 1 аптада табысқа жетіп, анама ақшасын қайтарып бердім. Алайда бұл кәсібімде қиындықсыз өтпеді. 2 ай бойы сатып алушылар болмады. Тапсырыс берген кітаптарым берілген уақытынан кеш келді. Тапсырыс берушілер күтіп қалып жүрді. Бұл кәсіптің күтпеген қиындықтарымен жолықтым. Бірақ не болса да берілмедім, әрбір қателігімнен сабақ алдым. 2 ай уақытым тәжірибе жинаумен өтті. Берілмей соңына дейін жеткен еңбегім, ақыры жемісін берді. Алғашқы клиенттер пайда болды. 3-ші айда бұл кәсіп табыс алып келе бастады. Бұл кәсіпті бастағанымда анам көп көмегін тигізді. Қандай қателік болмасын мені қолдап, алдыға жетелеген де осы кісі», - дейді Бекнияз.
Кітаптары әр түрлі жанрда. Роман, әдеби кітаптар, кәсіптік кітаптар, балалар кітаптары. Шетелдік те, отандық өнімдері де бар екен. Қазіргі таңда кітаптары барлық Қазақстан бойынша жеткізіледі. Алайда жас кәсіпкер 11-сынып түлегі болғандықтан, ҰБТ-ға дайындығына байланысты, кәсіпті бірге алып жүру қиындық туғызады дейді. Сол үшін қазіргі таңда уақыттың көп бөлігін сабаққа арнап жатқанын айтты.
Бос уақытында кітап сатудан бөлек кітап оқығанды жақсы көреді, спортпен айналысады және тағы бір табыс көзі тапсырысқа видео түсіреді. Алғашқы миллионын да осы кітап және видео түсіру арқылы тапқанын айтты.
Осындай табыс тапқандағы сезімін айтып жеткізе алмайды. Себебі енді үйден ақша сұрамай, өз-өзін қамтамасыз етіп, тіпті әр түрлі мерекелерде, жақындарына сыйлық сыйлап қуантып отырғанын айтты.
Бекнияздын кәсіпкер боламын деушілерге шыдамды болып, көп ізденіп, өз-өзіне инвестиция жасап, қателіктерді сабақ ретінде қабылдау керек деген кеңес береді.
Бекнияздың қазіргі мақсаты – ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Алматыға оқуға түсіп, сол жерде өзін дамыту. Уақытты тиімді пайдаланып, ешқандай мүмкіндікті жіберіп алмау. Ал өзін болашақта бизнесмен және блогер ретінде көретінін айтты.