Bugin
Өмірде түрлі қиындық болады. Маңыздысы – сіздің қалай шешкеніңіз. Қанатыңыз талмасын. “Өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап” деген ұлы Абай
– Қайырлы күн, Назерке бикеш! Сіз бинеске қалай келдіңіз? Алғаш неден бастадыңыз? Өз бизнесіңіз туралы айтсаңыз?
– Қайырлы күн! 2015 жылы мектепті аяқтап, оқуға түсе алмай қалып, ауылдан жаңа келіп пәтер жалдап тұрып жатқан кездер. Үйде ешкім жұмыс істемегендіктен өзім жұмысқа шықтым. Басқа шешім болмады. Асхана, кафелерде 1 жылдай жұмыс істедім. Бір күндік ақша жетпегендіктен, қатарымнан қалып бара жатқандықтан, өзім қызығушылығым бойынша YouTube-тан видео қарап үйрендім де үйде 1500 теңгеден қыздарға кірпік жасауды бастадым. Солай күніне 4-5 қызға жасап 3 айда 150 000 жинадым. Кейін Алматыдағы ең мықты мастерден оқып келіп, бағамды сәл өсіріп, үйде 2 жыл жұмыс жасап, сұраныс артып, келушілер көбейгендіктен алғаш сұлулық студиясын 2018 жылы аштым.
– Негізгі мамандығыңыз қандай еді? Алғаш бизнесіңізді ашқанда қолыңызда белгілі бір сомада ақша болды ма?
– Негізі 2016 жылы ТарМУ-ге РЭТ мамандығына ақылы бөлімге түскенмін. Бірақ жұмыс істеп жүріп оқуға үлгермегендіктен 3 курста шығарып жіберді. Кейін оқуды қайта жалғастырғым келмеді. Себебі әуелден өзім қалаған оқу емес еді. Білім қажет екенін білемін, бірақ өзімнің қазіргі салам бойынша, тренинг, оқуларға барып тұрамын. Заңды, ЖК бойынша жұмыстарды, салықты жақсы білемін. Білмейтінім де көп. Әлі де оқитыным жетерлік. Сол кездері алғаш бастағанда мүлдем қаражат болмады, күндіз-түні жұмыс істеп қосымша үйден опа-далап сатып керек ақша жинаған кезде аштым. Кейін түскен табысқа басқа да заттарды қосып отырдық. Бәрі, әрине, бірден болмады..
– Ал тапқан табысыңызды басқа салаларға салып көрдіңіз бе? Әлде тек осы салала дамығыңыз келе ме?
– Сұлулық студиясынан түскен табысқа осы уақытқа дейін 2 опа-далап дүкенін аштым, ал алдағы уақытта өзге салаларға салу жоспарда бар. Ал бүгінге дейін салмаған себебім отбасыма берген уәдем бойынша қаладағы ең әдемі ауданнан, ең әдемі үй салып бердім, 50% қаражатым үйге кетті. Мақсатым – үлкен сауда үйін салу. Оған жақындап қалғандаймын. Кейде табысымның осылай жоғарылағаны түсімдей көрінеді, қорқып кетемін.. Аллаға шүкір етемін сол үшін.
–Естуімізше сіз өзге бизнесін бастамақ болған оқушы қыздарыңызға қолдау көрсетіп, көмектеседі екенсіз. Бүгінде ұжымда қанша адам жұмыс істеп жатыр?
– Алланың қолдағанына шүкір, қазір студияда 10 қыз жұмыс жасайды, әрбірі – менің жақыным. Барлық жұмыс істеп жатқан қыздарды өзім үйретіп, жанымда алып қалдым. Өз студиясын ашып кеткені көп. Араласып тұрамыз. Осы уақытқа дейін кішкентай ғана қалада таза есеппен 400-ден аса мастерді үйретіппіз, басқа қалалар да бар. Ал дүкендерде 3 қыз жұмыс жасайды, үшіншісі туған сіңлім, жасы 15-те, барлығын екеуміз ақылдасып шешеміз, дүкендердің жиһазы, тауар, жарнама бәрі соның ұсынысымен болады. Негізгі мотивациям – сіңілім. Қатты шаршап , “Қойшы осының бәрін” дегенде сіңілімнің бар екені жаныма желкен болып, ары қарай алып қайта талпынамын.
– Сіз бәрін жоқтан бастадыңыз. Ал бүгінде өзіңізді табысты кәсіпкермін деп айта аласыз ба?
– Жоқтан бастадыңыз демеңізші, 2600 теңгеге желім мен кірпік алып бастаппын, әлі есімде (күліп). Табысты кәсіпкермін деп айту ерте шығар, бірақ тауар айналымы қантар айының көрсеткіші бойынша 50 млн-нан аса таза тауарды көрсетіп тұр. Мен үшін қаншама тірлікке кетсе де осындай айналымда тауардың тұрғаны жақсы көрсеткіш. Табысты кәсіпкер ғана емес, ақылды, бақытты кәсіпкер статусы болғанын қалаймын. Ал табыс тек еңбекпен келеді екен. Бұл бастамасы, бәрі алда...
– Табысты болу үшін ең бірінші не керек?
– Үлкен мақсат. Қорқынышты жеңу. Сенім. Психология маған көп нәрсені үйретті, ойлардың бәрі орындалады екен. Ойың дұрыс болса, бәрі дұрыс болады. Визуализация, медитация деген нәрседен бәрі жарнамадан көріп шаршаған шығар, бірақ мені дәл визуализация осы өміріме алып келіп қойды.
– Әлі күнге дейін тәуекел ете алмай, өз кәсібін бастай алмай жүргендерге не айтасыз?
– Қорықпаныз. Жоқ болғанша, бар болыңыз. Ақша бір орында тұрғанды ұнатпайды, қазір-ақ бір салаға салыңыз. Ұтылсаңыз тәжірибе, ұтсаңыз табыс. Қазір жасайтын жұмыс көп, ақша табуға рахат кез. Кейде 10 адам болғым келеді сонын барлығын жасау үшін. Қазірден бастаңыз! 3 жылда таза 80 млн табуға болады. Кішкентай қала, бай-қуатты ата-анасыз, ешкімнің көмегінсіз. Оған дәлел – 23 жастағы мен. Мақтаныш емес, мотивация болғанын қалаймын.
– Рақмет, әр қазақ өзіңіздей болсын. Осынау өмір жолында қанатыңыз талмасын. Тек сәттілік тілейміз!