Саясат
Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаева
Өткен жылдың қазан айында тапа тал түсте үйінің алдында шабуыл жасалып, басына оқ тиген Түркістан облысы, Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаева кінәлілер тиісті жазасын алмай қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі о баста бұл оқиғаға қатысты "Қасақана адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейінірек бұл бап істе алынып тасталған. Жәбірленуші енді Мемлекет басшысынан араша сұрап отыр.
"Жедел тергеу барысында жоғарыда аталған фактімен қылмыс жасаған күдіктілер ретінде А.Амалбаев (тапсырыс беруші)С.Бектанов, Ә.Төребеков, Н.Тазабеков ұсталды.
Тергеу барысында Амалбаев тапсырыспен адам өлтіруге оқталып,қылмыстық топ құрғаны, мені өлтіруге тапсырыс бергені және ол тапсырысты орындау үшін С.Бектановқа 1 000 000 (бір миллион) теңге төлеуге келіскені анықталды. Осындай нақты айғақтар бола тұра, бүгінгі таңда, Түркістан облысы, Полиция департаменті тарапынан «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша айыпты алып тастап, «Бұзақылық», «Қару-жарақты заңсыз тасымалдау, тасу, сақтау» баптарымен қылмыс жасаған кінәлардың іс әрекеттерін адам өлтіруге оқталмаған, адам тобы болып, бұзақылық жасаған заңсыз қару сақтаған деп заңсыз ешбір негізсіз дәрежелеп отыр" деп жазылған хатта.
Одан өзге жәбірленуші сот медициналық сараптамалық қорытындысына күмән тууына байланысты, қайта сот медциналық сараптамалық қорытындысын Астана қаласында қарауға берген өтінішін қабылдағанымен, қайта тағайындамай отырғанын да алға тартқан.
"Ең сорақысы, бұл істі жасауға итермелеуге маған әлдебіреулердің миллиондар сомасы көлемінде қаржы бергендері себеп болған деген негізсіз жала жабуда. Істі болған айыпталушылар тарапынан осы әңгімені аудан көлемінде өсектеп жүр.
Тергеу аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мені тергеу іс қағаздарымен таныстырмастан, бірде-бір құжат бермей, істің мән жайын түсіндірмей менің Конституциялық құқығымды таптап, заң талаптарын бұза отырып, істі сотқа жолдаған" делінген хатта.
"Егер, маған емес, қара шаңырағымдағы бала-шағама қастандық жасалғанда не болар деген үрей ой күндіз-түні мазалайды.
Аса мәртебелі Елбасы, еліміздің бірлігі мен Конституциямыздың кепілі ретінде Өзіңізге хат жазуыма осы мәселе себеп болды. Заңсыз жүріп жатқан істі ретке келтіріп, әділ сот төрелігін жүргізуге ықпал жасайды деп сенім білдіремін.
Сіздің саулығыңызды тілеймін, Өзіңізден ғана үміт күтемін" деп өз сөзін түйіндейді жәбірленуші.
Айта кетерлігі, 2018 жылдың 23 қазанында Төлеби ауданы, Момынай ауылында шенеунік жүргізушісімен түскі үзіліске келген уақытта жеке тұрғын үйінің алдында 3 адам қасақана шабуыл жасап, аудан әкімінің орынбасарына 2-3 метр қашықтықтан тапаншамен 3 рет оқ атқан. Травматикалық оқ тиген жәбірленуші дереу ауруханаға жеткізілді. Көп ұзамай күдіктілер ұсталып, бұл шабуыл жергілікті азаматтың тапсырысымен жүзеге асқаны белгілі болды.