Weekend

Бүгінде ағайынмен араласпау тренд пе?

Бір кеседен су ішкен бауырлардың араласпай кетуіне не себеп?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда бір ана бір әкеден тәрбие алып, бір нанды бөліп жеп, бір кеседен су ішкен бауырлардың араласпай кетуіне не себеп? Заман ба адамдарды солай өзгерткен, әлде қоғам ба? Десе де қоғам деген сіз бен біз, ал заман болса біздікі... 

Заман талабына сай болу,елден қалмай көлік алу, зәулім үй тұрғызу, лауазымды жұмыс жасау бүгінгі жастардың арман кітапшасындағы тізімнің басында орналасқан.

Тек жастар емес аға буын өкілі де осы ұстанымда. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»-деп бекер айтпаған ау шамасы. Бауырдан гөрі ақша мен байлықты тәуір көретіндердің қарасы көбеюде.  Заманына қарай адамы деп көз жұма қарауға да болады. Бірақ осылай жалғаса берсе әлем қызыға қарайтын қонақжай, бауырмал халықтың ізі де қалмайтын сияқты.

Өзіңіз ойлап қараңызшы соңғы рет туған -туыс, аға-іні бауырлармен қашан бас қостыңыз?

Арнайы шақыртусыз, белгілі бір себепсіз жай ғана жақыныңыздың есігін қашан қақтыңыз?

Шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, бір шаңырақтың астында өсіп жетілген бауырлар өз шаңырағын құрғаннан кейін неге бірден бөлектеніп, туған бауырлардан алыстап кетеді? Өз отбасы пайда болып бір үйдің отағасы болғаннан кейін балалық шағыңның асыл естеліктеріне куә болған жандардан алыстау қазіргі күні үйреншікті жағдай. Тіпті қалыптасқан дәстүр дерсің. Сізде осы дәстүрді ұстанасыз ба? Оған кім немесе не түрткі болды?                                              Ақылға салып  ойланып көріңізші, асқар тау әкеңіз бен аяулы анаңыз  сіздерді жұмылса жұдырық болатын, біріксе тау қопарып кез келген жағдайда бір-біріне демеу болып, сүрінгенде тұрғызатын, қиналғанда көмек қолын созатын, бауыр десе бүйрегі бұрып тұратын аға-іні, әпке-қарындас болып өседі деп үміттенді. Алайда амал бар ма? Көпке топырақ шашпаймын, қаймағы бұзылмаған отбасыларға ұзағынан сүйіндірсін деп жай ғана шүкіршілік қыламын.

Өзіңіз тәрбие беріп, өмірге келуіне себепші болған, ертеңіне үмітпен көз тастап отырған ұл-қыздарыңызға үлгі болғыңыз келсе, ағайынмен араласыңыз! Отан отбасыдан басталады, сіздің шағын мемлекетіңізде әрқашан туыстық қарым-қатынастар барлығынан биік тұрсын.                                  

Қыстың суық күнінде жүрекке жылу сыйлайтын, тамаша естеліктерді еске алып, жақындарыңмен бір шынайақ шай ішкенге не жетсін! Егер сізде осындай мүмкіндік болса, пайдаланыңыз! Себебі, кейін тым кеш болады, қолда барда алтынның қадірі жоқ. Тірі күнде сыйласпаған соң, сын сағаты таусылғанда өкінгеннен не пайда...