Саясат
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөз өткізді
2021 жылдың 2 наурызында Ақорда резиденциясында Қырғыз Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өткені жайлы Bugin.kz платформасы Akorda.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.
"Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын", – деді Тоқаев.
Сөз арасында Тоқаев Қырғызстанның тек одақтас мемлекет емес, бауырлас мемлекет екенін атап өтті. Өз кезегінде Жапаров мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдіріп, екі ел арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керектігін айтты.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып Садыр Жапаров, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.
"– Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын," – деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді Қырғыз Президенті.
Кездесу барысында ел басшылары екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелерін қарастырды. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстар талқылады.
Кездесу енді қырғыз елінде жалғасын табуы мүмкін. Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырды.