Білім және ғылым
"Педагогикалық іс-әрекет, тәрбие дұрыс жолға қойылған жерде, тәрбиелеуге көнбейтін адам болмайды" деп есептеп, педагогикалық қызметтің ұлы күшіне шын жүрегімен сенген жан Жұмағали Рамазанұлы. Ұзақ жылғы қызметінде көптеген мектеп түлектерінің жан-жақты тәрбие алуына себепші болумен қатар, мектеп басшысы ретінде, әріптес ретінде көптеген педагог кадрды тәрбиелеу ісіне зор көңіл бөлді
⚜ Қаполов Жұмағали Рамазанұлы 1954 жылы 10 маусымда Фурманов ауданы, Теңдік ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1960 жылы Қызылоба бастауыш мектебіне барып, 1970 жылы Пятимар орта мектебін бітірген. 1970-1974 жылдары Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетінің физика бөлімін бітірген. 1974-1986 жылдары Красногор орта мектебінде оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, 1986-1991 жылдары Пятимар орта мектебінде мектеп директоры, 1991-2017 жылдары Е.Ш.Орақбаев атындағы орта мектебінің директоры, мектеп директорының орынбасары, физика пәнінің оқытушысы болды. 2017 жылы зейнетке шықты.
⚜Жұмағали Рамазанұлы педагогикалық қызметтің қыр-сырын жетік меңгеріп, атқарған қызметінің нәтижесінде «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» белгісімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 1994-1999 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты болды. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
⚜ Оқытушының басты қасиеттерінің бірі – творчестволық ізденіс. К. Д. Ушинскийдің «Педагог оқуын тоқтатқанда, ол педагог болудан қалады» деген қағидасын үнемі есте ұстап, білімін жетілдіріп отыруға көп көңіл бөлді. Бірнеше рет білім жетілдіру курстарынан өткен. Алматы қаласындағы Орталық білім жетілдіру институтына 1 рет, Орал педагогикалық институты жанындағы мектеп басшыларының білімін жетілдіру факультетінде 3 рет, Орал облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында 4 рет, республикалық, облыстық, аудандық масштабтағы өткізілген түрлі семинарларға қатысып, сол семинар-конференциядан алған білімін өз тәжңрибесінде жоғары деңгейде қолдана білді.
⚜ Педагогикалық басылымдарға шыққан материалдарды үнемі оқып, үйреніп, өз қызметінде қолданып отыруға, әріптестерімен ой бөлісуге, оларға көмектесуге дайын тұратын. Қандай кеңес, отырыс, жиналыс болмасын оқытушы өз пікірін анық, дәлелді, түсінікті түрде айтып, педагогикалық қызметтің алға басуын қолдады. Оқытушының өзге әріптестерінен ерекшелендіретін, оның ұжым, шәкірттері арасында сый-құрметке бөлендіретін ісі – сабақ беруге деген құлшынысы. «Қаншама жыл сабақ берсем де, әрбір сабаққа дайындалу, әрбір сабақтың қалай өтетініне толғану – біздің басты міндетіміз», - деді.
Пәнді оқыту әдістемесіне сәйкес оқытушы әріптестеріне бірнеше ашық сабақ өткізумен қатар, «Физика сабағында оқушылардың өз бетімен жұмысын ұйымдастыру», «Физикалық ұғымдарды қалыптастыру», «КТБ сабақ» т.б сияқты тәжірибелік жұмыстармен аудан көлемінде кеңінен танылды.
⚜ Оқытушы ауданның белгілі ұстаздарының бірі ретінде жылма-жыл дәстүрлі өтетін тамыз, қаңтар мәслихаттарында секция жетекшісі, «Жыл мұғалімі» байқауының қазылар алқасы мүшесі, физика пәнінен аудандық олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің құрамында болып, аудандық педагогикалық іс-қызметтің жақсара түсуіне үздіксіз қатысып келді. Қоғамдық инспектор ретінде бірнеше рет фронталдық тексерістерге қатысып, аудан мектептерінің жұмысын жолға қоюға себепкер болды.
⚜ Жұмағали Рамазанұлы өзін әрдайым қарапайым, адал, тура ұстады. Мектепішілік өткізілетін әртүрлі шараның жақсы дайындық пен ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтуіне көп талап қоятын. Оқытушыны ұжым мүшелері өзінің ұстаз-ақылшысы есептеді.
⚜ Өнерді қадір тұтып, спортқа жаны құмар. Көптеген аудандық спорт жарысына қатысып, жүлдегер атанды.
Жолдасы Орақбаева Гүлнар да ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Жанұясында 2 ұл, 2 қыз балалары бар. Бәрі де жоғары білім алған, мамандықтары бойынша қызмет атқарып жатыр. Қазіргі күндері немере-жиендердің сүйікті ата-әжесі болып, оларды тәрбиелеп жүр. Ауылдық округтың әлі де қоғамдық жұмыстарына белсене араласады.