Әлеумет
Тележүргізуші құртты патенттеп алды
Кеше 2.03.21 жылы Рахман Омар «Asyl Tas Holding»-пен бірге құрт өнімінің тұсаукесерін жасады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Тұсаукесер Алматы қаласында өтті. Құрттың дәмін көру үшін жиналғандардың арасында Жолжақсынов Досхан, Сүлейменова Қаракөз, Жанар Айжанова, Дулыға Ақмолда, Тоқтар мен Бейбіт, Әбунасыр Серіков, Кенжебек Жанәбілов, Ерболат Беделхан, Ринат Заитов пен басқа да танымал эстрада, кино әртістері бар.
Іс-шараны актер Бақыт Тушаев жүргізді. ҚР еңбек сіңірген әртісі Жолжақсынов Досхан батасын беріп, Жанар Айжанова құрттың «бетін ашты».
Рахман Омар өз командасын таныстырып болған соң, құрт өнімі туралы шағын видеоролик көрсетті. Бейнероликте ол : «Ашаршылық, зұлмат жылдарында халыққа талғажау болған тағамның қадірін жете түсініп жүрміз бе? Бүгінде нарықта құрттың түр-түрі бар. Талғамға, дәміне қарап таңдай бер. Бірақ нағыз табиғи дәмі бар құртты аңсайсыз ба? Өз басым шетелге "мынау – қазақтың дәмі" деп құрт апарғым келеді» деп өнімінің маңызды тұсын атап өтті.
Аталмыш өнімді шығару үшін Рахман Омар мен командасы 2 жыл бойы тер төккен. Нәтижесінде құртты патенттеп алды. Бұған қатысты тележүргізуші: «Көкпар, қымыз, шұбат жат қолында кетті. Құрт қазақтарда қалды. Құрт – біздікі!», - деді.
Бұл өнімнің дизайны да ерекше. Құрт салынған қораптың 2 түрі бар: көк және қара. Сыртында 3 тілде жазылған өнім туралы ақпарат берілген. Қара қораптың ішінде Абайдың 7-қара сөзі жазылған.