Әлем жаңалықтары
Clubhouse қосымшасы Қазақстанда таралып жатыр. Ал Қытай бұл қосымшаны пайдалануға тыйым салды. Себебі неде?
Clubhouse қосымшасын жүктегеннен кейін бірден пайдаланып кете алмайсыз. Біріншіден, бұл қосымша Windows, Andriod операциялық жүйелерінде әлі шыққан жоқ. Екіншіден, сізде қолданушылар тарапынан жіберілген арнайы шақырту болмаса, кіре алмайсыз. Мобайл қосымшаны жүктеген соң, сізге бір қолданушы шақырту жіберуі керек. Шақырылған қонақтар ғана қабылданады. Осының өзін «бизнеске» айналдырып жатқандар бар. Санаулы аптаның ішінде аталған желінің қолданушылары күннен күнге артып келеді.
Бұл қосымшаның артықшылығы - өз ойыңызды еркін айта аласыз. Бір кемшілігі — пікір талас аяқталғаннан кейін жазбаның сақталмайтыны. Яғни белгілі бір адамдардың талқысы өтіп жатқанын білген бойда кіріп қарамасаңыз, кейін онда не айтылғанын біле алмайсыз. "Сол жағынан келгенде сәл ыңғайсыз" дейді желі қолданушылары. Бұл желінің ерекшелігі — бәрі аудиомен. Яғни еркін сөйлесіп отыра бересіз. Көпшілігін қызықтырған тұсы да сол — арнайы ашылған «бөлмеде» өзіңіздің кумиріңізбен тілдесуге мүмкіндік бар. Күніне белгілі бір тақырып бекітіп, соның аясында сұхбаттасып, пікір алмасады. Әсіресе, фанаттарға бұл желі қатты ұнайды. Себебі кумирін көзбе-көз көріп отырғандай әсер қалдырады.
Бұл желі Қытайда да кеңінен тарала бастаған еді. Дегенмен араға көп уақыт салмай, ел аумағында бұғатталды. Тіпті сол аз уақыттың ішінде айтылмаған, айтуға тыйым салынған тақырыптар талқыланып үлгерді деседі. Мәселен, «Шыңжаңда мұсылман лагерлері бар ма?» деген сауал болған. Бірнеше сағатқа созылған әңгіме кезінде мұсылман-ұйғырлар қытайлықтарға оқиғаларын айтқан. Бұл бөлмеге 5 мың адам кірген. Тыйым салынған тақырыптың шеті осылайша шығып қалды. Бірақ артынша желі бұғатталды.