Weekend

Қазақстан прокатына 4 наурызда шығатын фильмдер

Анимациялық фильм мен екі ресей фильмі прокатқа шықпақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көктемнің алғашқы аптасында Disney студиясының анимациялық картинасы, Джо Карнаханның фантастикалық боевигі және бірнеше ромком кинотеатрға шықпақ. Bugin.kz платформасының тәуелсіз авторы 4 наурыз күнгі кинопремьераларды ұсынады. 

Райя және соңғы айдаһар / Райя и последний дракон / Raya and the Last Dragon [6+]

Disney студиясының анимациялық картинасы Райя деген жауынгер қыз туралы. Ол өзі тұратын Кумандра патшалығын тастап кетуге мәжбүр болады. Қыз әлемде қалған жалғыз айдаһарды іздеп тауып, соның көмегімен құдыретті жауды жеңбекші. Отбасылық мультфильмде мюзикл, фэнтези элементтері бар.

Бастықтың деңгейі / День курка / Boss Level [18+]

Джо Карнаханның фантастикалық боевигінде Фрэнк Грилло, Мэл Гибсон, Наоми Уоттс секілді Голливуд жұлдыздары ойнайды. Сюжеті уақыт тұзағына тап болған Рой деген жауынгер туралы. Басты кейіпкерді талай рет өлтіреді, талай рет жарып жібереді. Бірақ әр оянған сайын әлгі қанды қырғын жаңадан басталады. Бұл тұзақтан құтылу үшін басты кейіпкер қалай да боссқа өлмей жетуі керек.

Бәрі де Джексон үшін / Реинкарнация: Пришествие дьявола / Anything for Jackson [18+]

Канадалық үрейлі картина жынмен келісімге келген ерлі-зайыпты туралы. Екеуі екіқабат әйелді ұстап әкетіп, қайтыс болған немересінің рухын жатырдағы балаға қондырмақ болады. Алайда рәсімді соңына жеткізе алмай, ақырында Сургат деген құдыретті шайтан олардың үйіне кіріп кетеді. Ол ерлі-зайыптының және көршілердің үрейін иемденіп алады.

Болашақтан келген жұп / Пара из будущего [12+]

Ресейлік ромкомның оқиғасы болашақта, 2040 жылы өтеді. Отау құрғанына 20 жыл болған Евгений мен Александраның бір-біріне сезімі әбден семіп кеткен. Ажырасуға да болмайды, өйткені болашақта некені бұзу өте қымбат. Бірақ тағдыр оларға жаңа мүмкіндік сыйлайды: екеуі өткен шаққа, Женя Сашаға сөз салған күнге қайтарады. Енді болашақтан келген ерлі-зайыпты өзінің жас кезіндегі нұсқаларын бір-бірінен айырғысы келеді.

Рашн Юг [12+]

Ресейлік мелодрама Қара теңіз жағалауында тұратын сұлуға ғашық болған Артем деген студент туралы. Ол ғашығын көру үшін Ресейдің оңтүстігіне сапарға аттанады. Сөйтсе Ксенияның жүрегін басқа да жергілікті жігіттер жаулап алмақшы екен. Студенттің шансы өте төмен десе де болады. Бірақ кейіпкер оңай берілуді ойламайды.

Сонымен қатар 2016 жылғы "Гуляй, Вася" комедиясының жалғасы - "Гуляй, Вася! Свидание на Бали" [16+] прокатқа шықты.