Bugin

Қазақстан жылқы етін Жапонияға сата бастады

Қазақстандық өнімнің сапасы жоғары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан алғаш рет Жапонияға жылқы етін экспорттауды бастады. Бұған дейін Ресейге ғана жылқы етін қазақтар енді Күншығыс елінің нарығына қол жалғады. Тегін жіберілген алғашқы партия жапондарға ұнаған көрінеді. 

Бұл жайлы ет өндірісімен айналысатын қазақстандық Meat Processing and Service компаниясының коммерциялық директоры Сергей Лимберг Капитал басылымына берген сұхбатында айтты.

Айтуынша, Жапониямен жылқы етін тасымалдау бойынша 2020 жылы қарашада келісімге келген. Ал еттің өзін желтоқсанда жіберіпті.

"Біз бірінші рет Жапонияға жылқы етін саттық. Сынама ретінде 305 келі ет жібердік. Пандемияның себебінен ет біраз кешігіп барды. Бірақ сонда да жапондарға қатты ұнаған екен", - дейді ол.

Қазақстан – әлемде жылқы етін өндіретін бірен-сараң елдердің бірі екен. Негізгі өндірушілері – Аргентина мен Канада. Енді бұл нарыққа made in Kazakhstan брендімен отандық өнім шығарыла бастамақ.

"Қазақстандық өнімнің сапасы жоғары. Аргентинадан кем түспейді, тек дәмі бөлектеу", - дейді Лимберг.

Жапондар жылқының етін деликатес көреді екен.

"Білуімше, жапондардың тек жылқы етінен ғана дайындайтын ұлттық тағамдары бар. Кулинарияда деликатес ретінде қолданылады. Әсіресе, қабырғадан сылынып алынған етті жақсы көреді. Жылқы етінен суши, біздің қазыға ұқсас сашами атты ет тілімін дайындайды", - дейді Лимберг.

Компания басшысының айтуынша, егер Жапония серіктестікті дамытуды құп көрсе, онда аптасына 52 тонна жылқы етін жіберіп отыра алады. Бұған өндіріс қуаты жеткілікті.

Сондай-ақ, Қазақстанға Ресейдің Қазан қаласынан да жылқы етін сатып алу бойынша ұсыныс түскен екен. Жылқы етін жеуді дәстүрге айналдырған кейбір елдер де Қазақстанға "құда түсіп" отырған көрінеді. Олардың арасында Испания да бар.