Авторлық ертегі

Мен білетін өмірдің құттай құпиясы

Адамды басқа тіршілік иелерінен өзгешелеп тұратын арман

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бәріміз армандаймыз. Бірақ есейе келе онсыз да бос сенделумен өтіп жатқан уақытымызды құр бос арманға құртқымыз келмейді. Неге? Күн-көріс қамы ма әлде мен естіген ең жағымсыз сөз «Армандар орындалмайды» деген сұрғыл түске боялған мең-зең қоғамның екі аяқты иелері бекітіп берген заңдылық па?

Балалық шағыңа саяхат жасап көрші! Бір кездері ғарышқа баруды, жаңа дүние ойлап табуды, әлемді 5 минутта аралап келетін, ең болмағанда есейгенде ең бақытты жан болуды армандаған бала қайда? Есейе келе армандарымызды әжеміздің сандығына саламыз да сұр түске боялған ересектер қатарына қосыламыз. Армандауды қоямыз. Біз үшін біреу арманадап береді. Ақырында сен қалаған өмір емес басқа адамның сен үшін армандап берген өмірін сүресің.

Тоқта! Армансыз бәрібір бос уақыт құртасың. Себебі сенде арман жоқ қой, қайда асығасың? Өзің қаламаған оқуға ма, үлкен ағаларың кіргізген, әйтеуір уақытында барып уақытында қайтатын жұмысқа ма? Сәл аяңдап ойланшы. Сенің арманың не?

Арманың не екенін түсінсең, зымыра. Еш уақытта кеш емес. Мүмкіндіктер де жоқ емес. Шектеу де жоқ. Тек сол арман үшін күрес бар.

Арманың үшін күрестен сен шаршамайсың. Сен сол жолда басқан қадамыңнан күш аласың. Сен қайда бара жатқаныңды, нәтижесінде не күтіп тұрғанын білесің. Міне бұл адамдарды қанаттандыратын өмірдің кішігірім құпиясы.

"Мына адамға қара, ана кісіден үлгі ал" демеймін және "мен жасаған қателікті жасама" деп те айтпаймын. Мен айтқанмен сол таяқ өз басыңа түспесе түсінуің екіталай. Құла, сүрін екі қадам алға басып үш қадам кері шегін, бірақ, тоқтама. Мықты бол. Соңында сенің ең тамаша жан болатыныңа сенемін және сен де өзіңе сен.

Досым енді армандап болсақ тағы бір маңызды дүниені айтайын. Енді ол армандарыңды сатпа. Жарты жолда тастап кетпе, соңына дейін бар.