Қоғам
Менің көкем Қуат Салимович – Ауған соғысының ардагері
Ауған соғысы – 1979-1989 жылдар аралығында КСРО мен Ауғанстан халқының арасында тұтанған соғыс. Кеңес әскері 10 жыл қатарынан ауған жерінде соғыс жүргізді. КСРО-ның Ауғанстанның ішкі саясатына қол сұғуына байланысты ауған халқы наразылыққа шыққан болатын. Соғыс оты осылайша тұтанды. Бұл соғысқа 22 000 қазақ әскері қатысты. 800-ге жуық адам қаза тапты, іс-түссіз жоғалғандары да бар. Қазіргі таңда 10 000-ға тарта Ауған соғысының ардагері бар. Солардың бірі – менің көкем Абжанов Қуат Салимович.
Абжанов Қуат Салимович 1967 жылы 8 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. 1974-1984 жылдары орта мектепті бітірген. Содан соң 1985 жылы әскерге аттанып, Отарда алты ай оқыған. Ал 1986 жылы Ауғанстанға соғысқа жөнелтілді. Соғысқа қатардағы жауынгер ретінде қатысқан болатын. Соғыс ортасында жарты жылдай уақыт болады. Содан соң әскер қатарында жүргенде ішіне оқ тиіп, жарақат алады. Жарақат салдарынан соғысқа жарамай Кабулға госпитальға жіберіледі. Аздап сауыққан соң, Қазақстанға қайтып оралады. 1 жыл өткен кезде Ташкентке ішегіне операция жасауға жіберіледі. Тиген оқтың салдарынан ащы ішектің жартысы кесіп алынып тасталынады. Осылайша соғыстың зардабы денсаулыққа әсер етеді. Қазіргі таңда Абжанов Қуат Салимович Тараз қаласында тұрып жатыр. Мамандығы бойынша Тараз қалалық ауруханасында сантехник болып жұмыс жасайды. Жыл сайын өтетін Ауған соғысы ардагерлерінің жиналысына қатысып, сыйлықтарын алып тұрады.