Саясат

Дәурен Абаев: Қаза үшін бар кінәні Мадина Әбілқасымоваға арту әділетсіз

Мәдина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етуі орынсыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Министр трагедияға себеп болған факторлардың бәрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысына тәуелді емес екенін айтты. Бұл туралы Inform.kz хабарлайды. 

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астанада өрттен қаза тапқан бес балаға қатысты әлеуметтік желіде туындаған наразы көңіл-күйге қатысты пікір білдірді.

"Жантүршігерлік трагедия болды. Ең бір қорқынышты түстің өзі бұл отбасының басына түскен қайғыдай болмас. Бұл ата-анамен бірге бүкіл ел қайғырып жатыр", – деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, осы жағдайдан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етуі орынсыз.

"Балалардың өлімі үшін бар кінәні министр Әбілқасымоваға арту, кем дегенде, әділетсіз. Иә, ешкім жауапкершіліктен қашпауы керек екені рас. Ақыр аяғы, біз – барлық мемлекеттік аппарат елімізде болып жатқан жағдай үшін жауап береміз. Бірақ бұл жантүршігерлік оқиға көптеген фактор салдарынан болғанын және оның бәрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысына тәуелді емес екенін ұғуымыз қажет", – деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және коммуникациялар министрі әріптесі Мәдина Әбілқасымованың осы трагедияға байланысты елмен бірге қайғырғанын айтты.

Әйел ретінде, үш баланың анасы ретінде ол бұл хабарды күйзеле қабылдады. Сондықтан мен өзара түсіністікке негізделген сын айтылып, ізіне түсу тоқтатылады деп үміттенемін. Оның үстіне, мен министр Әбілқасымованы өзіне сеніп тапсырылған жұмыс көлеміне бейжай қарамайтын үлкен кәсіпқой деп білемін, – деді министр.

Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні Астананың “Көктал-1” ықшамауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған бес қыз бала опат болды. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт кезінде балалардың ата-анасы жұмыста болған. Қазақстан Президенті өрт салдарынан қаза болған балалардың туыстарына көңіл айтты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова бұл отбасының әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жатпайтынын хабарлады. Бұл трагедиядан соң әлеуметтік желіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысына қатысты наразылық туды.