Bugin
Қазақстанда зауыт салынады
Ташкент қаласында ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған делегация Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бехзод Мусаевпен кездесу өткізді. Бұл жайлы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде екі елдің қазіргі эпидемиологиялық ахуалын, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі бірлескен шараларды талқылады.
Сондай-ақ тараптар кездесу барысында қабылданған барлық шешімдер өзара тиімді серіктестіктің одан әрі дамуына серпін беріп, бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының әл-ауқатын жақсартуға үлес қосатындарына сенімдерін білдірді.
"Бұдан әрі екі елдің вице-премьерлері фармацевтикалық өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды, оның ішінде Қазақстан аумағында дәрілік және гигиеналық заттарды шығаратын зауыт салу, Өзбекстанда фармацевтикалық өнімдер шығаратын кәсіпорындар құру мәселелерін талқылады", - делінген хабарламада.
Екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация бірқатар медициналық орталықтар мен фармацевтикалық кәсіпорындарға, сондай-ақ Ташкент медициналық академиясына барады.