Bugin
Биыл Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды
2021 жыл басында Қазақстанда интернетке қолжетімді 16 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8%-ға артық. Кейінгі бес жылда көрсеткіш орташа есеппен жыл сайын 7,8%-ға өскен. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Елде интернетке қосылған абоненттің саны бір жыл ішінде 5,1%-ға өсті. Бұл 2,6 млн абонентті құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды.
Сондай-ақ, Қазақстанда мобильді интернеттің тарифтері салыстырмалы түрде арзан. Әлемдік рейтингте Қазақстан интернеті ең арзан ТОП-10 елдің қатарына кіреді. Сонымен, 2020 жылы Қазақстан әлем бойынша 6-орынға ие болды. Елде 1 гигабайт интернет үшін орташа есеппен 0,46 доллар төленеді. Рейтингте барлығы 228 елдегі баға зерттелген. Егер Қазақстанда 20 гигабайт интернет үшін тұрғындар орташа есеппен 9,2 доллар (3 840,4 теңге) төлейтін болса, Ресейде – 10,3 доллар (4 299,6 теңге), Ұлыбританияда – 27,9 доллар (11 646,5 теңге), Германияда – 81,2 доллар (33 895,9 теңге), АҚШ-та – 160 доллар (66 789,8 теңге), Швейцарияда – 167, 5 доллар (69 920,7 теңге), Грекияда – 241,3 доллар (100 727,5 теңге) төленеді.
Айта кетейік, 2020 жылы интернет байланыстың негізгі құралына айналды. Қазақстанда трафиктің өсуі 34%-дан 63%-ға дейін құрады.