Bugin

Сталиннің жерлеуін түсірген АҚШ майорының құпия видеосы жарияланды – Видео

Сталиннен кейін кім билікке келетінін білу үшін түсірсе керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Майор Мартин Манхоф – КСРО-да 1950 жылдары АҚШ елшілігінде істеген әскери қызметкер. Нақтырақ айтсақ, дипломатиялық қызметте әскери атташе болған. Манхоф фотосурет түсіруді жақсы көрген, кейін дарынды фотосуретші атанған адам.

АҚШ елшілігі Мәскеудің дәл Қызыл алаңына қарама-қарсы орналасқандықтан, Манхоф бұл алаңда болған оқиғаларды қырағы жібермей, суретке не таспаға басып отырған екен. Соған қарағанда майор америка құпия қызметіне керек мәліметтерді таспаға басып жүрсе керек.

Мәскеу мен КСРО-ның басқа аймақтарын суретке түсірген. Қазір бұл суреттер АҚШ мұрағатында құнды дерек боп сақталып тұр. КСРО-ның шын бет-бейнесін, өңдеусіз қалпын, табиғи портретін көргісі келген жандар осы Манхофтың түсірген бейнематериалдарына жүгінеді.

Майор КСРО-да 2 жылдай ғана жұмыс істеген. Тыңшы деген айып тағылған соң, еліне кетуіне тура келді. Әрі өзімен бірген 16 миллиметрлік кинотаспаға түсірген деректердің бәрін тығып алып кетеді. Бұл дерек атаулының ішінде 1953 жылы 9 наурызда өткен Сталиннің жерлеу рәсімін түсірілген видеоматериал да бар екен. Американың құпия қызметі осы түсірілім арқылы Сталиннің орнына кім билікке келуі мүмкін екенін білу үшін түсірсе керек. 

Настоящие время басылымының жазуынша, Сталиннің жерлеу рәсімін түсірілген кеңес деректі фильмдерінен майордың түсірген таспаның арасы жер мен көктей. Кеңес фильмдерінде көп нәрсені жасыруға тырысса, Манхофтің видеосында жасырын ештеңе жоқ, бәрі қаз-қалпында түсірілген.

Бұл видеоны Манхоф дәл елшіліктің терезесінен, АҚШ туы ілініп тұрған жерден түсірген. Оны таспадан анық көруге болады.

Таспада бір жағынан қызық, бір жағынан ерсі көрінер сәттер түсіп қалған. Мәселен, Қызыл алаңға өтер маңда қарауылда тұрған сарбаздардың суықтан тоңып, қолын ысқылап, секіріп тұрғаны жері бар. Кеңес фильмдерінен мұндайды көрмейсіз.

Ал видеотаспаның ең басты артықшылығы – түсірілімнің өңдеусіз, табиғи қалпында, күрең түс кейпінде түсірілгені. Мұндайды кездестіру қиын. Кеңес өмірінің шынайы болмысын сезінуге көмектесері анық.