Әлеумет

“Menin armanym” жобасы: Мейірімге толы тасқын бол

Қазақстанда ауыр дертке шалдыққан балалардың арманын орындайтын қайырымдылық қоры жұмыс жасап жатыр. Бұл қор паллиативтік көмек көрсетеді, яғни адам өміріне қауіп төндіретін күрделі ауруларға шалдыққан балалар мен олардың отбасының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Menin armanym" жобасына 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жеткіншектер, яғни, өмірге, айналасына деген түсінігі қалыптасқан жастан кәмелет жасына дейінгі азаматтар мен азаматшалар өтініш бере алады. Баланың заңды өкілі, жанындағы ерікті немесе дәрігері menin-armanym.kz сайтына кіріп, өтініш қалдырады. Өтінімді толтырғанда мекен-жайы, байланыс нөмірі толық көрсетілуі міндетті. Кейбір өтінімде ақпарат толық толтырылмағандықтан автоматты түрде қабылданбай қалып жатады",- дейді жобаның медиа координаторы Еспанов Олжас.

Құрылғандарына 4 ай болған бұл қор бүгінге дейін ауыр дертке шалдыққан 26 баланың арманын орындаған. Әр жастағы, Қазақстанның әр өңіріндегі, әртүрлі диагнозбен ауыратын балаларды бір ғана нәрсе біріктіреді. Ол – сенім, болашаққа деген сенім. Осы жобаның арқасында армандары орындалған 26 баланың бірінің арманы әнші Зирузамен бір күнін өткізіп, шоппинг жасау болса, енді басқалары сүйікті вайнерімен тауға шығуды, модель болып, фотосессия жасауды, футболист, бизнесмен болуды армандайды екен.

Қор ұйымының еріктілері бұл армандардан бөлек қиынға соққан армандардың да болғанын айтады. Мысалы, лейкоз ауруына шалдыққан 4 жасар Мирас "Мстители" фильмін және ондағы өрмекші адам кейіпкерін көруді армандаған. Содан, еріктілер бір шешімге келіп, аниматорларды шақыртып, кішкентай Мирасты да сүйікті кейіпкерінің киімімен киіндіріп көңілін көтерген.  Ал 12 жастағы Айару онкологиялық ауруға шалдыққан. Арманы – модель болу. Айару Кендал Дженнер, Белла Хадид секілді әлемнің топ модельдерінің қатарына қосыламын деген сенімде. Бұл сеніміне бір қадам жасауға Menin armanym  жобасы көмек қолын созды. Олар Айаруды бір күндік экспресс модельдік курстан өткізіп, келесі күні түрлі образда, түрлі киіммен фотосессия жасатқан. Одан бөлек, Айарумен жүздесуге сүйікті блогерлері @alisher_konysbaev, @darhanzholshybekov, @aii_officiall, @daricorn.rr келген.

Жалпы мұндай емі жоқ ауыр дертке шалдыққан балалардың саны елімізде 10 мыңнан асады. Біріне санаулы күндер қалса, енді біріне санаулы айлар, жылдар қалған. Ауруханада бұл балаларға қанша күтім, ем жасалса да, науқас баланың көңіл-күйін көтеру, арманын орындау, рухани тұрғыда қолдау көрсету өте маңызды. Қорға серіктес болу немесе Қазақстандағы көмекке мұқтаж балаларға күлкі сыйлауға дайын еріктілер қатарынан табылу үшін Қазақстанның кез келген азаматы сайтқа кіріп өтінім толтыра алады. Мейірімге толы тасқын болайық!