Білім және ғылым

ҰБТ тапсырушыға 5 кеңес

Міне, бірнеше айдан соң мектеп бітіруші түлектер мектепті аяқтап, университет табалдырығын аттауға қадам жасайды. Алайда осы екі жердің ортасындағы «Ұлттық бірыңғай тестілеу» атты үлкен көпірден өту өте маңызды. Осы қиын жолда ҰБТ-ны тапсыруға қажетті кеңестер артық етпейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Иә, ҰБТ әрбір мектеп бітіруші түлек үшін өте маңызды. Бірі оны әділ дейді, бірі әділ емес дейді, ал енді бірі – оңай, ал енді бірі қиын дейді. Кейбіреулер ҰБТ тапсыру дұрыс емес деп шатақ шығарады. Алайда сіз қалай ойласаңыз да, ҰБТ – барлық мектеп түлектеріне міндетті әрі жауапты сынақ. Соны ескере отырып, мен сізге қажетті 5 кеңес ұсынамын.

  1. Жұрттың айтуына сенбеңіз. Өзіміз ҰБТ-ны әзірге тапсырып көрмегендіктен, осы сынақтан өткен адамдардан ақыл-кеңес сұрауды жөн көреміз. Алайда бұл іс-әрекетіңіз дұрыс емес. Себебі ол адамдардың бірі «пробниктерді жатта» деп, бірі «шпор алып кір» деп, ал енді бірі «ҰБТ-ға кірердің алдында шашыңды жума, қаламыңа дұға оқы, бойтұмар тақ» деген секілді адам сенгісіз әңгімелер айтуы мүмкін. Сондықтан, ең бастысы, өзіңізге сеніңіз және өз бетіңізше әрекет етіңіз. Кітап оқып, материалдарды түсінсеңіз, сынақтан төмен балл алмайсыз.
     
  2. Қосымша кітаптар оқыңыз. Иә, шалыс естіген жоқсыз. «Өзім оқулықтарды әзер оқып жүргенде, оларды қалай және қашан оқимын» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда сіздің ҰБТ-ға дайындық барысында стресске, деепрессияға, шаршаңқылыққа, жалығуға түспеуіңізге ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі бұндай оқиғалар барлығында дерлік кездеседі. Сонымен қатар жеңіл әрі қызықты кітаптар оқу арқылы сіздің кітап оқуға деген шабытыңыз ары қарай ашыла түседі. Сөйтіп сіз ғылыми әрі қиын кітаптарға да беріле кетесіз. Бос кезіңізде ұялы телефонға үңілгенше, мотивациялық кітаптар, психологиялық кітаптар, болмаса қазақ классиктерінің әдеби жауһарларын оқып жүріңіздер. Түбі керегіңізге жарайды. Бірі сізді тығырықтан шығарса, бірі сіздің болашағыңызға керек болады.
     
  3. Ұйқыңыз қалыпты болсын. «Мен ҰБТ-дан жоғары балл алғым келеді. Сондықтан мен ұйқымды қысқартуым керек, түнде де ұйықтамауым керек» деп ешқашан ойлаушы болмаңыз. Себебі ұйқы – біздің өміріміздегі басты процесс. Әсіресе биология пәнін таңдап отырғандар ұйқының маңызын біледі деп ойлаймын. Ұйқы бұзылды дегенше, денсаулық бұзылды деңіз. Ұйқы бұзылса иммунитет әлсірейді: депрессия, стресс, шаршаңқылық пайда болады. Ұйқы бұзылса ақыл-ой еңбегімен қалыпты жұмыс жасай алмайсыз. Ұйықтамаған соң бүйрек, бауыр, көзге ауыр күш түседі. Кейбір жетістікке жеткен адамдар сіздерге «түнде ұйқыларыңызды бөліп, ерінбей еңбек етулеріңіз керек» деп айтуы мүмкін. Ондай сөздерді дұрыс деп санамаңыздар. Сондықтан жақсылап ұйқыларыңызды қандырыңыздар. Егер ҰБТ-дан жақсы балл алғыларыңыз келсе, керісінше азанда ерте тұруға кеңес беремін.
     
  4. Планер арнаңыз. Күніңіз жоспарлаумен басталсын. Сонда кешке жатар алдында өзіңіздің не істеп, не қойғаныңызды, күніңіздің босқа өтпегеніне сенімді боласыз. Қазіргі кезде планерлер көп. Бастысы өзіңізге ұнағанын, жаныңызға жақынын алсаңыз болғаны. Мен мысалы «Мені өзгерткен 90 күн» мен «Every Day» атты күнделіктерін қолданамын. Бағасы да арзан әрі дизайны маған ерекше ұнайды, ал бастысы қолданған өте тиімді.
     
  5. Онлайн курстарға жазылыңыз. Онлайн курстар – қазіргі пандемия уақытындағы біз үшін көмегі көп дайындық құралының бірі. Олардың санының көптігіне қарамастан, барлығының білім сапасы, мұғалмдері жақсы, сенімді деп айта алмаймыз. Өзімнің басымнан да осы нәрсе өтті: кейбір қатысқан курстардың мұғалімдерінің түсіндіргені, нәтиженің жоқтығы, оқитын орынның ұнамаған кездері өте көп. Сыныптастарым да көптеген курсқа қатысып, ұнамағаны жайлы жи әңгіме айтып отырады. Егер онлайн курсқа қатыссаңыз, ең алдымен «пробный урокқа» қатысып көріңіз. Содан соң өзіңіз ол курсқа қатысқыңыз келе ме, келмей ме шындығын айтыңыз. Кейбір курстар сізді түрлі мастер-кластар, алып-қашпа әрі өтірік «шок жаңалықтарымен» алдап-сулап курсына жаздыртып алуы мүмкін. Ұялы телефоныңызға қалмай соғатын онлайн курс менеджерлері де бар. Мейлінше алдымен тексеріңіз, шынайы болыңыз, ұнамаса «ұнамады» деп айтудан ұялмаңыз. Егер менен «қандай онлайн курстар жақсы?» деп сұрасаңыздар. Сіздерге «Дарын Онлайн» онлайн оқу орталығының «ҰБТ Комбо» курсын ұсынар едім. Себебі бұл жерде барлығы платформада, сабақтар өте түсінікті, конспект материалдары өте пайдалы (әсіресе маған Қазақстан тарихының конспект материалдары өте қатты ұнады), сабақ аяқталған соң тест тапсырмаларын аяқтамай, келесі сабаққа өте алмайсыз.